Эссе
«Менің Отанымның бас қаласы – Астана»
«Астана – бас қала» – деп айтылуында үлкен сыр жатқан секілді...
Неге десеңіз, Астана – Қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы.Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Қазақстан халқы бірауыздылықпен, татулықпен, достықпен өзге елдерге үлгі боларлықтай қажыр-қайратын танытты. Біз Елбасымыздың ерен-жігерімен Астананы тұрғыздық. «Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігі» дейді халқымыз. Шынында да, тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру – тұңғыш Президентіміздің мемлекетті одан әрі нығайту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев – елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі деп толықтай айтуға негіз бар. Бұл жөнінде Елбасы: «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз, астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда...».
Қазір Астана өзінің қонақтарын қала бет-бедерінің әсемдігімен және архитектуралық шешімдерінің батылдығымен, тұрғындарының жылы шырайлылығымен және қонақжайлығымен таңғалдырады. Жаңа әрі озық үлгідегі тамаша тұрғын-үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, гүлзарлары мен субұрқақтары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейне бір қауыз жарып келе жатқан көп гүлді, мол жапырақты өсімдік тәрізді... «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Ел анасы» монументі, «Конгесс Холл», «Тәуелсіздік сарайы», Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, «Керуен», «Мега» ойын-сауық орталықтары, «Астана – Арена» спорт кешені, ұлы тұлғалар Абай мен Пушкиннің, Сәкен Сейфуллиннің, ұлы үш биіміздің, батырларымыз Кенесары, Бөгенбай батырдың, Әлия Молдағұлованың және басқа да қайраткерлердің мүсіндері Астананың сәнін келтірген інжу-маржан, көне Есілдің жағалауына әр берген гауһар моншақтар іспетті. Астана – тек біздің ғана емес, дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның, әлемнің сәулетті қаласына айналып отырған ғажайып шаһар.
Кезінде «осындай қиын шақта қазаққа жаңа астананың керегі қанша?» деп кері тартқандар бүгінде төмен қарайды. Өйткені, жыл өткен сайын Астана құлпырып, қазіргі кезде көз тойғысыз келбетте.
Келешегі – кемел, ертеңі – нұрлы Қазақстан мемлекетінің әлемдік аренадағы абыройы да, ары, беделі де, бағы – Астана. Астана – Еуразия жүрегі. Кәрі құрлықтың тамырына қан жүгірткен жүрегі мәңгілік соғуын тоқтатпаса екен! Ұлтымыздың ұясы, Қазақстан секілді қыран елдің тұғыры болған Астана мәртебесі жоғарлаған сайын Тәуелсіздігіміз мәңгі жасайтыны һақ...