Қыс қызығы
Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекше. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалайды. Қара жердің бетін басқан ақ ұлпа қар айналаға сән бергендей. Әркім бұл мезгілді асыға күтетіні рас. Бірі шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді. Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты кездерде өз алдына бір бөлек әңгіме. Қолдарына шана сүйреген балалар, жүздері күлкіге толы адамдар барлығы бейне бір қыстың суығын емес, оның жылы нұрын, ыстық тартар сәулесін тауып алғандай қуанады. Қыс мезгілі келіп қар жауғанда мен де қатты қуанамын. Өйткені, аппақ қар үстінде сырғанақ теуіп, асыр салып ойнаймыз, алғашқы қарда аққала жасаймыз.
Қыс мезгілін тағы да асыға күтуімнің бір себебі - Жаңа жыл. Сірә, бұл мейрамды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін күтетіні айдан анық. Бұл мейрамда шырша безендіріп, аяз ата мен ақша қарды көруге асығамыз. Барлығы ақ тілектерін білдіріп, сыйлықтарын береді. Қылышын сүйретіп жеткен қаһарлы қыстың бізге берер қызығы мен қуанышы көп. Осындай естен кетпес оқиғаларға толы қыс мезгілін керемет деуге толық негіз бар. Қыстың ғажайып ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Маған қыс мезгілі қатты ұнайды.
Ақыжан Меруерт