Қазақ тілі пәнін оқытудың әдістемесін жетілдіру жолдары
Қоғамның бүгінгі басты бағыттарының бірі - білім беру үрдісін ақпараттандыру. Бұл бағыт жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаға бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу - тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында еліміздің білім беру жүйесінің басты міндеттері атап көрсетілген. Соның бірі - білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, бүкіләлемдік коммуникация желісіне шығу. Білім беруді компьютерлендірудің қажеттілігі біріншіден, оқушыны қазіргі қоғам сұранысына сай өзінің өмірлік іс - әрекетінде дербес компьютердің құралдарын қажетті деңгейде пайдалана алатындай жан - жақты дамыған дара тұлғаны тәрбиелеу, екіншіден, оқушының шығарашылық қабілетін дамыта отырып, компьютерді жекелеген пәндерде оқыту құралы ретінде пайдалану. Мысалы, қазақ тілі сабағында арнайы электронды құралдың құрылымы бірнеше негізгі тараулармен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Әрбір тараудан оқушы мынадай мәліметтерді жеңіл және шұғыл түрде таба алады:
тақырыпқа байланысты мәтіндер
тақырыпқа қатысты суреттер мен сызбалар және компьютерлік анимация элементтері
сөздік қорды толықтыруға арналған жаттығулар
грамматикалық тестер
Бұл оқулықтармен оқушылар белсенді жеке жұмыс атқарады. Мұғалім олардың өзіндік жұмысына бағыт беріп оны бақылаушы, технологиялық аппаратты басқарушы болады да, оқушы белсенділігі артады. Уақытты пайдалану да тиімді. Оқытудың инновациялық технологиясы бойынша әдістемелік жүйесі, осы мақсатта сапалы нәтижеге жеткізуге мүмкіндік беретін танымдық іс - әрекеттер түрлерінің мазмұны мен тікелей байланысты. Инновациялық әдіс- тәсілдерді пайдалануда мұғалім сабақты дайын түрінде бағалайды, оқушының өзі ізденіп, ғылыми негіздерін өз бетінше игеріп, ғылыми зерттеуді көздейді, ал мұғалімнің негізгі міндетіне оқушының іс - әрекетін бақылау жатады. Ол үшін жаңа жабдықталған сыныптар, біліктілігі жоғары мұғалімдер сапасы жоғары дәстүрлі немесе электрондық, мультимедиалық оқулықтар мен оқу құралдары ауадай қажет. Қазіргі кезде кез келген тақырып бойынша мәліметтерді алу үшін интернетті пайдалануда өте бай тәжірибелерге қол жеткізілуде. Білім берудегі ақпаратты ресурстардың шартты белгілері мыналар:
электронды (мультимедиалық) оқулық қашықтықтан оқыту курсы;
анықтамалық мәліметтер (сөздік, энциклопедия, карта, деректер қоры электронды кітапханалар ( мәтіндің, графикалық, дыбыстық және бейне ақпараттар) ;
Кез келеген пәндік әдістеме оқушыларға сол пәнді тереңдетіп игеруге, алған білімді практика жүзінде қолдануы мен проблемалық жағдайлардан шыға алуымен айқындалады. Сонымен қатар бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізу On-Iine тәсілінде оқыту тәжірибесі дамып келеді. Қазақ тілін нәтижелі үйрету үшін оның оқыту әдістемесін жетілдіре түсіну - бүгінгі күннің кезек күттірмейтін маңызды мәселесі. Міне, заманымыздың тілек- талабы білім мазмұнын жаңартумен бірге, оны өмір мұқтажына орай дамытып, оқытудың жаңаша әдіс- тәсілдерін қолданудың мүмкіндікерін арттыруды күн тәртібіне қойып отыр. Осындай мәні мен маңызы зор өзекті мәселелердің бірі - оқушы тілін дамыту үрдісі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауындағы айтылған мәселелерге баса назар аудару қазіргі мұғалімдердің міндеті болып табылады. Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт - дәстүрі, әдет - ғұрпы, болмысы танылады. Осы мақсатқа жетсек қана Қазақстанның саналы азаматын тәрбиелейміз. Ол үшін мектеп мұғалімдері оқытудың тиімді әдіс - тәсілдерін өз тәжірибесіне қолдануды таңдап алады, үнемі ізденісте болады.
Оқытудың жаңа әдістерін пайдалану арқылы мұғалім оқушының белсенділігін шығармашылық ізденісін арттырады, пәнге деген қызығушылығын оятады. Өзара қатынасқа және сойлесуге құрылған оқыту оқу үрдісінде белсенді формаларды қолдану арқылы іске асырылады. Олар: топтық, жұптық, ұжымдық, жұмыстар болып табылады. Оқытудың бұдан басқа нақты немесе арнайы формалары болады. Олар: семинар, оқу конференциялары, диспут, топтық пікірталас.
Оқу процесін жандандыру құралдарының ішінде ойын, ойын арқылы оқыту ерекше орын алады. Дидактикалық ойындар байқампаздық, елестету, есте сақтау, сөйлеу, ойлау қабілеттерін, сенсорлық бағдарын дамытады. Оның мақсаты: Жаңаша білім беру мазмұнына көшу, нақты іс - әрекет жүргізу ізденушілікпен жұмыс істейтін оқушы тәрбиелеу. Оқу үрдісінің нәтижелі болуы бірнеше факторға, шарттарға байланысты, оның ішінде оқу бағдарламасына, оқулықтарға, материалдық- техникалық базаға оқушының ынтасына пән бойынша білімі мен пәнді оқыту бойынша кәсіби даярлығына байланысты болады. Қазақ тілін оқыту мазмұнын, әдіс тәсілдерін, формасын педагогикалық талап негізінде таңдау педагогикалық қызметті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру, педагогикалық іс – әрекеттегі таным құралдарын (теледидар жүйесін, компьютерді т.б) қолдану, теориялық білімдерді тәжірибелік іс - әрекеттерімен ұштастыру, оқу пәндерімен байланысты жүзеге асыру арқылы болашақ мамандардың пәнді оқытудағы тәжірибелік бағыты бойынша білімдері мен іскерліктері анықталады. Оқытушы әр оқушының қабілетін, қазақ тіліне деген көзқарасын біліп отыруы қажет. Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану- сапалы білім негізі. Білім беру сапасы – қоғамдағы білім беру үрдісінің жағдайын, нәтижесін және ұлттық құндылықтардың қалыптасуын, даму болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік категория. Жаңа технологияларды пайдалануда ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы негізгі мақсат мынаған саяды:
білім сапасын көтеру;
білімнің қолжетімділігін арттыру ;
педагогикалық әрекеттердің заман талабына сай бейімділігін арттыру;
жаңа тақырыпты түсіндіру ;
білім білік дағдыларын қалыптастыру ;
алған білімін іс жүзінде пайдалану машығын меңгеру;
оқу материалын қайталау мен бекіту;
білімді меңгеру деңгейін бақылау;
танымдық әрекеттерін ұйымдастыру;
зерттеу әрекеттерін ұйымдастыру;
жобалау әрекеттерін ұйымдастыру;
білім сапасындағы кемшіліктерді диагностикалау мен түзету;
өзіндік жеке жұмысты ұйымдастыру ;
оқу сабақтары мен оқу материалдарын жоспарлау;
сабаққа арналған баспа материалдарын даярлау;
сабаққа арналған электрондық оқулықтарды даярлау ;
сабақ және қосымша сабақтар өткізу;
Бұл технологиялардың педагогикалық негізгі қағидаларды: оқушыларға ізгілік тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің бірлігі оқушының танымдық күшін қалыптастыру және дамыту оқушының өз бетімен әректтену әдептерін меңгерту, танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту, әр оқушының қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту, оқушылардың жан- жақты дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу, оқу үрдісін оқушының сезінуі болып табылады. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс – тәсілдермен қол жеткізер мақсаттармен ерекшеленеді. Сондай- ақ оқытудың жаңа әдістерін іс –тәжірибеге енгізу мақсатында оқушылар бойынан мынадай қасиеттерді көруге болады:
әрбір оқушы өзінің жеке ойымен, өмірге деген көзқарасымен және ойлау қабілетімен ерекшеленеді;
бір- бірінің пікірлерін қабылдауға үйренеді;
өз біліміне сүйеніп, мәселенің шешімін дұрыс тауып, ойын жеткізе біледі;
Қазақ тілі сабақтарында сыни тұрғыдан ойлауға үйрету барысында мынадай қорытынды жасауға болады:
Оқушы өмірге деген өз ойын білдіру мүмкіншілігін біледі;
Жаңа білім бойынша өз болжамдарын тыңдап,талқылауды үйренеді;
Білімді өз бетімен алуға деген ынтасы, шығармашылық жұмыстарға қабілеті, танымдық белсенділігі артады;
Бір - бірімен ынтымақтастығы, пікірлерін айта білуге дағдыланады;
Оқушыларда жазу кезінде ғажайып ойлар пайда болады, сонымен қатар өзінің және өзгелердің пікірлері мен тәжірибесіне құрметпен қарауға үйренеді;
Оқушылар өз ойымен, іс – тәжірибесімен, пікірлермен бөлісуге үйренеді, бұл бағыт топпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Осындай сабақтар барысында оқушылар өздерінің, бір - бірінің ой – пікірлеріне сын көзімен қарай отырып, жаңа тың идеялар туғызады. Сөйтіп, осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде оқушының күннен күнге білімге деген ынтасы арта түседі, олар өз бетімен шығармашылықпен жұмыс істеуге қалыптасады, өзін - өзі бағалап, өз күшіне деген сенімділік пайда болады, оқудың мәні мен мақсатын айқын түсінеді. Жеке тұлға ретінде дамуына әсер етеді. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде білімге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, оқытудың жаңа түрлері әдістер, жаңа бағыттағы технологиялар пайда болып, олар білім мазмұнынының толығымен түбегейлі жаңаруына себепші болуда. Пәннің тағылымдық мәнін, рухани әсер күшін, эстетикалық талғамын шәкірт санасына сіңіре білу, құзіреттілікті қалыптастырудағы жұмыс бастауы. Пәнді оқытудың тиімділігін арттыру ең алдымен, күнделікті оқу үрдісін жақсартудан, сабақтың сапасын арттырудан туындайды. Сабақ қажетті оқу – әдістемелік құралсыз шешілмейді. Халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі, пәні сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, әдістемеден хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші – оқыту ісіне керек құралдар қолайлы, пән сайлы болуы керек», - деп аталған екі факторды ерекше көрсетеді. Қазіргі педагогтарға қойылатын талап, ол оқушыға сапалы білім, жүйелі тәрбие және де саналы ойлау мен қабілет, түйсігін дамыту.
XXI ғасырда оқушылардың жанын рухани жағынан азықтандыратын, қызығушылығын арттыратын ақпараттық техникалық құралдар екені бәрімізге мәлім. Қорыта айтқанда, баланы дамытуда айналамен таныстыру, яғни ақпараттық құралдардың жақсы жағын тиімді пайдаланып, күрделі қыр сыры көп әлеуметтік ортаға оқушыны бейімдеп тәрбиелеу психолог - педагог қауымының еншісінде екенін басты назарда ұстауымыз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана.2011.
2.К.Аханов Тіл білімінің негіздері. Алматы. «Санат» 2002
3.Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы. «Мұрагер», 2005
4.Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте №6 2014