Құстар
Құстар — омыртқалы жануарлардың ішінде Жер шарында кеңінен таралған жануарлар. Құстарды дене құрылысына, тіршілік әрекетіне байланысты 3 топқа бөледі. Олар:
1. Қыртөссіздер (жүгіретін құстар);
2. Жүзетін құстар (пингвиндер);
3. Қыртөстілер (ұшатын құстар).
1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Бұл күн сонау 1906 жылдан, құстарды қорғау туралы Халықаралық конвенция жарияланғаннан бері аталып келеді. Бүкіл дүние жүзінде құстардың 9 мыңдай түрі тіршілік етеді. Біздің еліміз де құстарға өте бай. Қазақстанда құстардың 500-ге жуық түрі бар. Олардың күз айларындағы саны шамамен 18-20 миллионға жетеді. Бұл – үлкен байлық. Сондықтан да біз оларды қорғап, пайдалана білуіміз керек. Құстар орман, жер зиянкестерімен қоректеніп ауыл шаруашылығына пайдасын тигізеді. Ал құстардың эстетикалық мәні өз алдына бір төбе. Талай сазгерлер құстардың үнін әуенге қосса, талай ақындар құстар туралы тамаша жырлар жазған. Құстардың ұшу заңдылығын алғаш рет Леонардо да Винчи зерттеген екен. Содан бері көптеген авиаконструкторлар құстарды негізге алып, талай ұшақтар жасап шығарды емес пе?!
Құс- табиғат көркі
Құс - табиғат, өмір көркі. Халық шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, қас сұлуын аққуға, өз жігітін жапалаққа теңеген. Ертеде байлар мен патшалар, хандар бұлбұлды бағында сайратып, тотыны үйінде ұстаған, аққуды көлінде жүздіртіп, сұңқарды қолына қондырған. Құс барлық пен байлықтың, әсемдік пен сұлулықтың белгісі болған.
Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы мен Құстарды қорғау одағы бірлесе отырып елімізде биылғы 2012 жыл құсына дала қыранын лайық деп ұйғарды. Дала қыранын тану аса қиындық тудырмайды, ол ел аумағында кеңінен таралған құс. Соңғы кезде саны азайып бара жатқан бұл құс ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген дала қыраны мемлекет қамқорлығына алынған.
Құс табиғат байлығы. Жер бетінде 8600-ге жуық құстардың түрі бар. Біздің елімізде 474 құстың түрі бар. Көктемде құстар оңтүстіктен оралады. Құстар-достар дегендей адамдардың ең жақсы көретіні-құстар. Құстарсыз орманның сәні келіспейді. Құстардың дауысы орманға бір сиқырлы көрік беріп тұрады. Құс табиғатқа тек көрік беріп тұрады десек онымыз дұрыс болмас себебі, құстардың тіршілігі орман,бау-бақша зиянкестерді жойып, адамға көп көмегін тигізеді. Алакөл өңірінде сұржақ, ала гагара, бірқазан,сұңқылдақ, аққу, ақбас үйрек, реликті шағала, үкі, жапалақ тіркелген.
Бүркіт
Бүркіт — сұңқартәрізділер отрядына, қаршыға тұқымдасына жататын үлкен құс. Көбінесе тоғайлы және таулы жерде тіршілік етеді. Биік ағаштар мен зәулім жар тасқа ұя салып, 1—2 жұмыртқа табады. Орта Азияда, Қазақстанда бүркітті қолға үйретіп түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға салады, шабыты түскен кырағы бүркіттер қасқырды да алады, ашынғанда адамға да түседі.
Кең қанаттары мен қысқа құйрығы ұшқан кезде "ұшып бара жатқан қанатқа" ұқсайды. Ұябасары шәулісіне қарағанда ірілеу болады. Латынша "алтын қыран" деген аты күштілік пен айбындылықтың белгісі ретінде 200 жыл бұрын берілген. Бүркіттің салмағы 3 кг-нан 6 кг-ға дейін. Үлкен құстары қара-күрең түсті, төменгі жақтары ақшылдау болады. Ұясын ағаштарға, құзжартастардың басына, ал далалы жерде — жерге салады. Өте жақсы ұшырады, жерде жақсы жүреді, жүгіре алады. Жемтігін ұстаған кезде, жартылай ашылған қанатымен ұстайды. Ұсақ және орташа сүтқоректілерді және құстарды ұстайды. Қазақстанда ормансыз және шөл далалардан басқа барлық жерлерде кездеседі, бірақ сирек. Қыста көбіне оңтүстікке ұшып кетеді.
Қарлығаш- киелі құс
Қарлығаш — торғай тәрізділер отряды, әнші торғайлар тобының тұқымдасы.
Арктика мен Антарктидадан басқа аймақтарда кеңінен таралған, 20 туысқа бірігетін 79 түрі бар. Қазақстанда 5 түрі
1. Жар қарлығашы,
2. Құз Қарлығашы,
3. Қосреңді Қарлығаш,
4. Секпілтөс Қарлығаш,
5. Кент Қарлығашы кездеседі.
Қарлығаштың тұмсығы қысқа, тұмсығының түбі кең, езулерінің арасы алшақ. Қанаттары жіңішке әрі ұзын. Дене бітімі ерекше сымбатты. Саусақтары қысқа, әрі әлсіз, жерде жүруі ебедейсіз. Қ-тың қауырсыны тығыз, жотасы қара түсті жылтыр. Сыртқы түрінен еркегі мен ұрғашысының айырмашылығы байқалмайды. Қарлығаш өте жақсы ұшады, тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді. Су үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін ұстап жейді. Дауысы онша қатты емес. Қарлығаш ұясын саз балшықтан сілекейімен араластырып бекем етіп жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға, үй ішіне, кейде ағаш басына да салады. Ұясы жарты ай немесе түбі кең, аузы тар құмыра пішінді.
Қорегі көбіне ұсақ жәндіктер. Ашық күндері биіктеп ұшады да, ауа райы жауын-шашынды болар алдында жер бауырлап ұшады. Сондықтан да қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап ауа райының өзгерісін алдын-ала болжауға болады.
Колибри
Колибри – ұзынқанатты құстар отрядының бір тармағы. Колибридің қазіргі кезде бір тұқымдасқа жататын 321 түрі Солтүстік және Оңтүстік Америка өңірінде кеңінен таралған. Денесінің ұз. 5,7 см-ден – 21,6 см-ге дейін, салм. 1,5 – 20 г-дай. Жер бетіндегі ең ұсақ құстар. Қораздарының қауырсындары түрлі-түсті құлпырып тұрады, ал мекиендерінің түсі біркелкі болып келеді. Тұмсықтары жіңішке әрі ұзын, кей түрінде иіліп келген, гүл шырындарын соруға бейімделген. Колибрилер тез ұшады, әрі ұшу бағытын үнемі өзгертіп отырады. Кейбір ұсақ түрлері қанаттарын секундына 80 рет қаға алады. Колибри, көбінесе, гүл шырындарымен, кейде өрмекшілермен де, жәндіктермен де қоректенеді. Олардың денесінде зат алмасу өте қарқынды жүреді. Белсенді тіршілігін қамтамасыз ету үшін көп қоректенеді. Араларында қоныс аударып тұратындары да кездеседі. Ұяларын ағаштарға, бұталарға, ал кейбір түрі жартастарға, ағаш жапырақтарына сілекейімен жапсырып салады. Жылына 2 – 3 рет 1 – 2-ден жұмыртқа салып, балапандарына қамқорлықты да аналықтары жасайды. Балапандары қызылшақа болады. Көпшілігі гүлді өсімдіктерді тозаңдандырып едәуір пайда да келтіреді. Әсемдік үшін көп ауланады. Бұлардың жылдан-жылға санының азаюына байланысты 6 түрі Халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген.