Мен жан-жануарлардың барлығын ұнатамын. Әсіресе, мысықты ерекше жақсы көремін. Алғаш мысық асырап алғанымда, ол кішкентай ғана марғау еді. Туылғанына бір ай ғана өткен болар. Өзі сүйкімді, жұп-жұмсақ. Бір алақаныма сыйып кететін. Күндіз ойнап, сүтін беремін. Ол маған үйренісіп, еркелей бастады. Жатар уақытта өзіне арнайы орын дайындап қойсам да, жүгіріп келіп қойныма сүңгіп кететін. Көрпе астында, құшағымда алақандай ғана жаратылыс қамсыз ұйықтап жататын. Уақыт өткен сайын ол да өсе берді. Өзінің қылықтары, еркеліктері, қулықтары пайда болды. Еркелетсең еркелейтін, ұрыссаң басын салбыратып, жата қалады. Көзімен ұрлана қарап, ашуым тарқағанын бақылағандай болатын.