Көптілділік-заман талабы
Білекке сенген заманда ,
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда ,
Қапы қалып жүрмелік
Абылай хан
Көптілділік туралы ойтолғау жазарда көп ойландым.Неден бастау керек? Осы көптілділіктің бізге керегі бар ма,жоқ па деген сауалдар мазалай берді. Ғаламтор, газет-журналдардан мәлімет іздегенімде, қайшы пікірлер, маңдытып ештеңе таппадым.
Олай болса, ата-бабамыздың өткен тарихына көз жүгіртсек…
Әлемде екінші ұстаз,ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілі білсе, өр рухты дауылпаз ақын Махамбет пен қазақтың бір туар ұлы Шоқан да бірнеше тіл білсе керек. Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқын.
Көп тіл білу-заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі Абай Құнанбайұлы, М. Әуезов, Қ. Сәтпаев сияқты талай тарландырымыз қанша жерден ресей топырақтарында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған.
Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық.Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл-заман талабы еді.Орыс тілін үйреніп,орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік.Енді алдағы асу –ағылшын тілі.Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.
Намысын найзаға шаншып,күре тамыры Көк бөріден нәр алған,көк Тәңірге табынған Күлтегіннің ұрпағына бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру қиындық тудыра қоймас. Иә, көп тіл білу ــ әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты ету тексіздің ісі. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе ــ бұл сүйініш, мақтаныш; ал ана тілін білмей тұрып, өзге тілде сөйлесе ــ бұл күйініш, өкініш. Ал біздің мақсат – ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, ағылшынның тілін ғана үйрену емес пе? Балаларымызды әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландыру ғана емес пе?Кейбір адамдар ағылшын тіліне қарсылық білдіріп жатады. Ал ағылшын әлем мойындаған жаһандану тілі .Бұл-бұзылмас заңдылық.
Меніңше,ол сыңаржақ пікір.Елбасының сындарлы саясатының астары өте тереңде.Біз әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік Елге айналумыз керек.Бұл жолда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өз тілің бірлік үшін,өзге тіл тірлік үшін керек екенін ұмытпайық. Сондықтан «Ана тілің ــ арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді қүрметте» деп, ақын Қадыр Мырза-Әли ағамыз айтқандай, әуелі өз ана тілімізді қүрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық. Өз тіліміз өзегіміз, халықтық қасиетімізді айғақтайтын алтын тұғырымыз болсын. Әр ұлттың өз тілі өзге тілге жеткізетін көпір есепті.
Мен қазақ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан ,ең бастысы өз оқушыларымның көкірек сарайын кәусар әдебиетімізбен сусындатып,Мағжанның жауһар жырларына,Абайдың дана ойларына, Сәкеннің сырлы лирикасына ғашық етіп, жасампаз рухтың өлмегендігін паш еткім келеді.Ең бастысы, жүрегі «Отаным,Қазағым,Тілім» деп соғатын ұлттық сана-сезімі жоғары,ұлтжанды оқушылар тәрбиелеу.
Ойымды қорыта келе, Елбасының мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз».