Түстер психологиясы
Күнделікті өмірде біз аса мән бере бермейтін «түстердің» адам психологиясына айтарлықтай ықпалы бар екендігін бүгінде дүниежүзілік ғалымдар дәлелдеп шықты. Сіздің таңдаған түсіңіз айналаңыздағыларға сіз туралы көп мәліметті беріп тұрады. Мәселен, жасыңызды, мәдениет деңгейіңізді, біліміңізді, ерекшеліктеріңізді, мінезіңізді сіз жиі қолданатын түске қарап–ақ байқауға болады.
Сондықтан да, төменде ұсынылған түстер психологиясын оқи отырып, жақындарыңыз туралы мәлімет алуға немесе айналаңыздағы адамдардың сізге деген оң пікірін тудыра отырып, өз стильіңізді, бедел–бейнеңізді қалыптастыруға мүмкіндігіңіз бар.
Көк түс – жан тыныштығын, молшылықты, татулықты білдіреді. Ол адамдар мен қоғамды байланыстыратын негізгі дәнекер іспетті, бірлік, көпшілдік сезімнің, сенімнің түсі. Сондай–ақ, көк түсті ұнататындар өкпелегіш, сары уайымға салынғыш болып келеді. Әсіресе, көк түсті молшылықтың нышаны болғандықтан семіз келген адамдар ұнатады. Көк түсті таңдағандар – тыныш ортаны, мазасыздық пен сотқарлықтан, келіспеушіліктен алыс болуды қалайтындар. Олар бір-біріне деген сенімді қалайды және өзгелердің де оларға сенуіне әбден болады.
Сары түс – жеңілдік пен қуанышты, сабырсыздықты, нұр сәулені білдіреді. Қуаныштың, күн шапағатының нышаны. Сары түс адамды болашаққа бағыттайды, жаңалыққа талпындырады, заманауилыққа, дамушылыққа құштар етеді. Бұл түсті таңдаған кез келген адам қиындықты тезірек жеңуге құлшынып, тезірек босап шығудың амалын іздеп тұрады. Өзгерісті жиі қалап тұрады, сары түске құмар адамға тұрақсыздық тән.
Қызыл түс адамның энергияға толы екенін көрсетеді. Өмірлік күшті, белсенділікті, нәтиже, сәттілікке қол жеткізу үшін барлық мүмкін болған талпынысты, бейімділікті, албырттықты, жеңіске деген жігерді, құлшынысты білдіреді. Бұл түсті таңдағандар - кез келген қиындыққа мойынсұнбайтын, күрескер, батыл адамдар
Жасыл түс – еркіндікке деген жігерлікті, табандылықты, мақсаткерлікті, өзімшілдікті, «Мен» деп өзіне жоғары баға берушілікті білдіреді. Бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтаулар, жақсы пікірлер күтетін адмадар. Сондай-ақ, бұл түс тәкаппарлықтың нышаны.
Күлгін түс - адамның тілегені мен қиялындағысы ақиқатқа айналады деген үміттің нышаны. Асыл арман мен көркем қиялдың түсі. Бұл түсті таңдағандар тек өзгелерді таң қалдырғысы немесе сүйсіндіргісі келмейді, өзін де таң қалдырғандығын қалайды. Сондай–ақ, бұл түсті мектеп оқушылары, аяғы ауыр әйелдер таңдап жатады. Оларға әлем сиқырлы, бар нәрсеге қол жеткізуге болатындай болып көрінеді.
Сұр түс – еркіндіктің нышаны. Бұл түсті таңдағандар – белгілі бір жүктелетін міндеттен ада болғысы келеді. Ештеңеге араласқысы келмейді, көпшілік ортаны ұнатпайды. Ортада оның бары, жоғы байқала бермейді. Адамдар оларды тез жалықтырғыш, іш пыстыратын жаратылыс ретінде қабылдайды.
Қара түс – абсолютті шекара, өмірдің тоқтайтындығының белгісі. Ол ғайып болу, өлім ойын көрсетеді. Қара түс – соңы, енді ештеңе болмайтындықтың нышаны. Десе де, қара түсті таңдаған адам тағдыр ағысына қарсы тұра алады.
Ақ түс – таза парақ, онда әлі де талай тарих жазылады. Пәктік, тазалық нышаны. Ақ түс әділдікті білдіреді. Еш бояуы жоқ ақ түс кіршіксіз сезімді көрсетеді. Пәк қалыңдықтар ақ көйлекті осы себеппен де киеді.
Аралас түстер:
Көк-қара – тыныштық.
Сұр-көк - сабырлық, немқұрайлылық.
Көк-қызыл қоңыр – өз жағдайын өзі жасап алу.
Көк-күлгін – нәзіктікке талпыныс.
Көгілдір - түсінуге деген құлшыныс, айналасын махаббатқа бөлеу.
Қоңыр-қызыл – белсенділік.
Көк-жасыл – нақтылық, ұқыптылық.
Ашық жасыл– жігерлік, бәрін өзіне бағындыруға талпыныс.
Жасыл-сары – адалдықты сүю.
Жасыл-қара – турашылдық.
Сұр-жасыл – сенімсіздік.
Түстер психологиясы. Киім түсі адамға қалай әсер етеді?
Түрлі-түсті киімдердің адамның өзіне, басқа адамдарға қандай әсері бар? Кез келген психолог, адамның қандай түс таңдағанына байланысты ол жайлы көптеген мәліметтер айта алады. Ал өзіміз қандай да бір түсті киім таңдап, көңіл-күйімізге, шешім шығару мен келіссөздің сәтті қабылдануына әсер ете аламыз ба?
1. Күлгін түс
Егер сіз біреумен келісім шарт жасаспақ оймен кездесуге бармақ болсаңыз, күлгін түсті таңдаңыз. Психологтардың айтуынша, бұл түс адамға жақсы әсер етеді. Сонымен қатар, өміріңіздегі қиын-қыстау кезеңдерде, басыңыз жиі ауырғанда, ұйқысыздық орын алғанда сабырлы болуға көмектеседі. Ал шығармашылық адамдарға қиял әлеміне шомып, фантазиялар мен бейнелердің дүниеге келуіне ықпал етеді. Бірақ әр нәрсенің жақсы мен жаманы бар сияқты, күлгін қара түсті шамадан тыс көп пайдалану күйзеліске ұшыратып, жалғыздық сезімін еселендіре түспек. Әсіресе, интерьерде күлгін түсті көп пайдаланудың қажеті жоқ. Оның орнына сарғыш күлгінге таңдау жасаңыз.
2. Алқызыл түс
Биязылық пен жылылық түсі. Бұл түс позитивті ойлау мен жақсылыққа ұмтылуға шақырады. Әңгімелесушілер арасындағы ұяңдықты жояды. Кейбір кезде тіпті шаттық сезімге бөлейді. Өмірді позитивті қабылдау негізі балалық шақпен байланыста жатыр. Интерьерде қолданылған алқызыл түс тыныштандыратын қасиетке ие.
Кері әсері: бұл түс біздің назарымызды босаңсытып, өмірге шынайы көзқараспен қарауға кедергі келтіреді. Шешім қабылдаудан қашуға итермелейді. Алқызыл түстің көптігі физикалық әлсіздікке душар етеді және де алқызыл түсті тәттілер дәмдірек деген пікір қалыптастырады.
3. Қоңыр түс
Бұл түс қиыншылықты жеңуге көмектеседі. Мінездегі тұрақтылық, еркіндік пен сабырлықтың көрінісі іспеттес. Қарым-қатынас жосығы мен тұрақтылығын ойлайтын адам көбіне осы түсті таңдайды.
Кері әсері: жабырқау сезімін ушықтырады. Өзгелерден энергия іздеуге мәжбүрлейді. Екінші пландағы адам болуға итермелейді.
4. Қызыл түс
Егер қоғамның назары сізде, ал пікір сіз жайлы болғанын іштей қаласаңыз, онда бейсаналы түре осы қызыл түсті таңдайсыз. Толыққанды сезімді қалайсыз. Белсенділік пен өмірге құштарлықты арттырады. Көшбасшылыққа ұмыталдырады. Өз құқығыңыздың тапталмауына барыңызды саласыз.
Кері әсері: Басқыншылық сезімі мен қозу, есеңгіреу мен ашушаңдыққа әкеп соғады. Тым көп қызыл түс адамды нәпсіқұмарлыққа итермелейді, жолына бөгет болғандарды қиратып, қатігездік пен қырсықтық сезімін өршітеді.
5. Жасыл түс
Өз-өзін сыйлау, табандылық, тұрақтылық пен табиғилық түсі. Өз-өзімен шынайы адамның, тектіліктің белгісі. Жасыл түсті киімдерге құмар адамдар: әділетті, өзін өзі басқара алатын адамдар.
Кері әсері: Зерігу, эгоизм мен қызғаныш тудырады. Сонымен қатар, кей кейде адамның өзіне сенімділігін бәсеңдетеді.
6. Көк түс
Егер сіз өзіңіздің эстетикалық тәрбиеңізді көрсеткіңіз келсе, көк түсті таңдаңыз. Бұл түс кездесуге барғанда өте ыңғайлы. Беріктік пен игіліктің, тұрақтылыққа ұмтылыстың белгісі. Бұл түс бір уақыт өмірдің мәнін іздеуге, өз ойларыңды ретке келтіруге итермелейді.
Кері әсері: Ойларды ауырлатып, еркіндікті тыяды.
7. Ашық көк
Физикалық және ділдік тұрғыда босаңсуға әсер етеді. Қауіпсіздік әсерін арттырады. Жаңашылдық түсі болып табылады. Балғындық түс болғандықтан ашық көк түсті киім киген ару өз жасынан жас көрінеді.
Кері әсері: ашық көк түстің молдығы меланхолияға, енжарлыққа, безушілік пен тұйықтыққа әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, ұйқышылдық, шаршау мен ашушаңдық шақырады.
8. Қызғылт сары
Күйзеліске төтеп берер бірден бір түс. Көңіл-күйді көтеріп, зейін қоюды арттырады. Бұл маңызды бас қосулар мен әңгімелесу кезінде пайдалы. Тез шешім қабылдауға септігін тигізеді.
Кері әсері: Тез шешім қабылдаймын деп, қате шешім қабылдап қою ықтималдылығы жоғарылайды. Тым көп эмоциядан адамды шаршатуы мүмкін.
9. Сары түс
Ой әрекетіне жақсы әсер етеді. Шамалы әлдендіріп, интеллектуалды жұмыста көмектеседі. Жаңа идеялар мен адамдардың көзқарасын оң қабылдауға жәрдемдеседі. Оптимизм түсі. Шабыт пен рақымшылық сезімін арттырады.
Кері әсері: Әлсіздік пайда болуы мүмкін. Сары түс мол кеңседе ұзақ отыру бас ауруын туғызуы мүмкін. Аса қанығу жүйке жүйесін жұқартып, агрессия мен мазасыздық тудырады.
10. Сұр түс
Іскерлік пен бейтараптылық түсі. Ресми кездесулерде өте орынды. Адамның психологиялық болмысын тұрақтандырады. Іскерлік үйлесімге шақырады.
Кері әсері: Сүреңсіздік пен белгісіздік сезімін тудырады.
11. Қара түс
Бұл түс бәрін өзінде жасыратын түс. Қызығушылықты арттырады. Өзіне баурап, көзді демалдырады. Элеганттылық сезімін арттырады.
Кері әсері: Қара түстің аса көп мөлшерде пайдалану күйзеліске, енжарлыққа душар етуі мүмкін.
12. Ақ түс
Шешім қабылданғанын, аяқталғанын, біткенін білдіретін түс. Еркіндікті сезінуге ықпал етеді. Кедергісіз өмірді сезіну, теңдік орнағандай сезім береді. Бұл түс барлық түстердегі игі қасиеттерді теңдей дәрежеде сезінуге көмектеседі. Егер сіз ақ түске құмар болсаңыз, сіз мейірімді, жағымды, жаңалыққа құмар білімпаз адамсыз.
Кері әсері: Ақ түс адамда шарасыздық сезімін тудыруы мүмкін, қажетсіздік пен тығырыққа тірелу де бар.