Сабақтың тақырыбы: Б.Байқадамов. Су тасушы қыз
Сабақтың мақсаты мен міндеттері:
Композитордың өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат беру.
Әнді нақышына келтіре орындауды үйрету.
Білім, біліктілігін дамыту. Жүйелі еркін сөйлей білуді, оқушының белсенділігін ояту, шыңдау.
Баланың танымдылық іс – әрекетін, еңбек сүйгіштігін дамыту.
Рухани адамгершілігімен, өз ісіне сенімді, еңбекқор, мейірімді, заманына сай өнерлі тұлғаны қалыптастыру.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Сабақ әдісі: баяндау, сұрақ – жауап, тыңдау, әнді әуенімен айту.
Көрнекілігі: оқулық, дидактикалық материалдар, интерактивті тақта, үнтаспа.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Психологиялық дайындық.
Сыныпты үш топқа бөлу. Топ басшы сайлау. Смайликпен бағалау.
Баулып Отан – анамыз,
Оқып, білім аламыз.
Өнер қарлығаштары –
Шырқап әнге саламыз.
«Өнер қарлығаштары» әнінен үзінді орындау.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.«Теңбіл доп» ойыны, сұрақ – жауап әдісі, М.Төлебаевтың өмірі мен шығармашылығын сұрау.
Мұқан Төлебаев кім? (Мұқан Төлебаев (1913 – 1960 ж) қазақтың көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі.)
Ол қай жерде дүниеге келді? (Ол Алматы жерінде дүниеге келді)
Ол қай жерде білім алды? (Ол Алматы педагогикалық училищесінде оқиды. Кейін Мәскеу консерваториясында білім алған.)
1942 – 1944 жылдары Мұқан Төлебаев қандай қызметтер атқарды? (Қазақтың халық аспаптар оркестрі дирижері қызметін атқарды)
1946 жылы оның қандай тұңғыш қойылымы қойылды? (1946 жылы «Біржан - Сара» операсының тұңғыш қойылымы үлкен табыспен қойылды)
Ол қандай шығармалар жазды? (Ол скрипкаға, фортепианоға, симфониялық оркестрге арнап шығармалар, ән – романс, опералар жазды)
Қандай әндерін білесіңдер? («Тос мені тос», «Кестелі орамал», «Ақмарал», «Ақ мақта», Абай сөзіне жазылған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Ой» романстары ерекше).
«Жалғастыр» ойыны арқылы «Біздің ән» әнін үш топ бір шумақтан жалғастыру арқылы әнді орындайды.
Музыкалық сауат ашу. Жартылық нота қандай нота? Оның ұзақтығы қандай? Жартылық нота - бүтін нотаның жартысы. Бүтін нота 4 – еуге саналса, жартылық нота 2 – еуге саналады.
жартылық нота, саналуы 1 – еу, 2 – еу.
төрттік нота, саналуы 1 – еу.
Сергіту жаттығуы.
ІІІ. Жаңа сабақ. «Конверт ашу» ойыны.
Бақытжан Байқадамовтың өмірі мен шығармашылығы.
І – топ: Тапсырма: Бақытжан Байқадамов кім? Қай жылдары өмір сүрді? Қай жылдары, қай жерде, білім алды?
Б.Байқадамов (1917 - 1977) жылы өмір сүрді, композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1937 жылы Алматы мемлекеттік университетін, 1954 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірді.
ІІ – топ: Тапсырма: Ол қай жылдары қандай қызмет атқарды? 1941 жылы Қазақ радиосында хор жетекшісі, әйелдер ән – би ансамбілінің жетекшісі әрі дирижері болды. 1952 – 1960 жылдары Қазақ филармониясын басқарды. 1969 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ қыздар педагогикалық институтында ұстаздық етті. Б.Байқадамов Қазақстанда хор музыкасын қалыптастыруда ерекше еңбек етті.
ІІІ – топ: Тапсырма: Б.Байқадамовтың қандай шығармалары бар? Оның «Пошташы», «Су тасушы қыз», «Домбыра», «Ақ бидай», «Алма ағаштар жайнайды», «Кел достар», «Теміртау жастарының әні», «Айгөлек», «Бөбегім» атты әндері бар. «Майра», «Той бастар», «Он алты қыз» сияқты хорға арналған шығармалары «Жайлауға», «Біз бейбітшілік үшін» хорға арналған шығармалары бар. 200 – ден астам әндері бар.
IV. Енді Б.Байқадамовтың «Су тасушы қыз» әнін орындау. Әнді орындамас бұрын дауыс жаттығуларын жасап алу.
Музыкасы: Б.Байқадамов, Сөзі: Н.Шакенов
Асыққан су тасушы ей, водовозбын,
Талайды жолға тастап, басып оздым.
Суға емес, қызға әбден шөлдегендей,
Жігітім, неге мұнша мойның создың?
Қайырмасы:
Еду, еду қашықтан,
Мен водовоз асыққан
Мөлдір су бар достар, ей!
Мөлдір су бар достар, ей!
Кому надо поскорей.
«Жалғастыр» ойыны арқылы 3 топ 1 шумақтан әнді бөліп орындайды.
Балалар бұл ән қандай әнге жатады?
Бұл көңілді әзіл әнге жатады.
Тағы қандай көңілді, әзіл әндерін білеміз?
Пошташы, Айгөлек, Бөбегім, Он алты қыз.
Олай болатын болса, тағы бір көңілді, әзіл ән «Он алты қыз» әнінен үзінді орындайық.
V. Венн диаграммасы бойынша екі әндегі ұқсастықты табу: Ортақтүсінік
Он алты қыз Су тасушы қыз Көңілді, әзіл ән Екеуі де қыздарға арналған Қыздардың әр түрлі мінезін, қасиетін білдіретін ән. Водовозшы, мамандық иесі, халыққа пайдалы қызмет етуші. Қыз- дың іскерлігін білдіретін ән.
Оқушының қорытындысы:
Екі әнде адамның бойында жақсы мінез қалыптасуына әсерін тигізетін ән, өзінің көркемділігімен адамға рухани азық береді.
VI. Тіл ұстарту мақсатында жаңылтпашты жаңылмай жылдам қайталау.
Төбесі төбел төрт бөрік,
Төртеуі де көк бөрік.
Сен өлше, ол өлше,
Сол өлшем, сол мөлшер.
Ноталар рет – ретімен,
Әндетеді шетінен.
Әндетейік шетінен
Әр нотаны ретімен.
VII. Қорытынды: Слайдта әншілердің суреттері көрсетіледі.
Б.Байқадамов 1935 – 1977 жылдар аралығында Қазақстанда эстрада өнері мен хор өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан атақты композитор. Ол 200 – ден аса әндер шығарады. Оның көптеген әндері музыка жанрының ұмытылмас алтын қорына енді. Оның әндерін «Алатау», «Айгүл», «Гүлдер», «Дос - Мұқасан» ансамбльдері және атақты әншілер Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Мәдина Ералиева, Нағима Есқалиева, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева т.б. әншілер нақышына келтіріп орындайды. Бұл әншілер қазақ эстрадасының өркендеуіне елеулі үлкен үлес қосты.
Үнтаспаға қосылып «Айгөлек» әнін топпен орындап, сабақты қорыту.
Балалар сабақтан алған білімін, әсерін стикерлерге жазып, «Білім ағашына» жапсырады.
VIII. Оқушыларды бағалау.
Ал, балалар, бүгінгі сабағымыз осымен аяқталды. Сабақ сендерге ұнады ма? «Бас бармақ» әдісін қолдану.
ІХ. Бекіту: Үйге тапсырма: Б.Байқадамов. «Су тасушы қыз»