«Осень 2024»

Поэзияның асқар шыңы-Мұқағали Мақатаев

доклад о жизни и деятельности казахского поэта

Олимпиады: Русская литература 5 - 11 классы

Содержимое разработки

Имамбаева А.С. №11 ЖББ ОМГ Ақтөбе қаласы

Поэзияның асқар шыңы – Мұқағали Мақатаев
Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз аулында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді.
Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген Мұқағали шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады.
Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, одан кейін бір шоғыр жыры Ә.Тәжібаевтың сәт сапар тілеген сөзімен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған.
Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған.
Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да "Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана" деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.
М.Мақатаев қаламынан "Қарлығашым, келдің бе?", "Дариға жүрек", "Аққулар ұйықтағанда", "Шуағым менің", "Өмір-дастан" т.б. жыр жинақтары туған. Қырық бес жасында қайтыс болған соң, Мұқағалидың екінші өмірі - өлмес ғұмыры басталды. Ақынның артында қалған мол мұрасы: "Соғады жүрек", "Шолпан", "Жырлайды жүрек", "Өмір-өзен" т.б. жыр кітаптары, "Қош, махаббат!" атты прозалық кітабы оқырманның қолдан-қолға түспей, іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.
Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали "Жан азасы" (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, "Райымбек, Райымбек!" дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.
М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
1962 жылы болашақ ақын Алматы қаласына көшіп келді де, әдеби ортаға етене қатысты. Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарғанда да, республикалық баспасөзде жұмыс істеген жылдарында да әдеби шығармашылық өмір тынысынан бір сәтте ажырамай, туа біткен ақындық қабілетін шыңдады. «Қазақ әдебиеті» газетінде,«Жұлдыз» журналында поэзия бөлімдерінд қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының поэзия
секциясында әдеби кеңесші болды. Аз уақыт Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының жанындағы қысқа мерзімді курста оқыды. КСРО Жазушылар одағындағы қазақ әдебиеті бойынша кеңесші
міндетін де атқарды.
Әдеби орта,баспасөзде қызмет атқарған тұстағы әдеби өмір,алпысыншы жылдардағы жеке басқа табынуды әшкерлеуден туындаған кеңестік дәуір әдебиетіндегі жаңғыру, бүгінде «жылмық жылдар»деген атпен белгілі жаңа серпіліс Мұқағалидің да дүниетанымының біржолата қалыптасуына, қаламгерлік қолтаңбасын айқындап, даралай түсуіне ықпал етті,негіз болды. Жас ақын талантын алғаш рет елуінші жылдардың соңына таман Әбділда Тәжібаевтың аңғарып,сәтті сапар тілеп,бір топ өлеңдерін «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялатуы-оның ақындық жолын біржолата айқындап берді, әдеби өмірге еркін араласа түсуіне жол ашты. Ақынның алғашқы жырлары 1948 жылдарда Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің беттерінде жарияланады.1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында бір топ өлеңдері жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» газетінде өлеңдер топтамасы (Ә.Тәжібаевтың қоштасуымен)оқырманға жол тартты. Арада он жыл салып,1964 жылы тұңғыш кітабы «Ильич» атты поэмалар жинағы жарыққа шықты. 1966 жылы «Армысындар, достарым!» атты өлеңдер мен поэмалар кітабы, 1967 жылы «Қарлығашым, келдің бе?» атты жыр жинағы оқырман қолына тиіп, қаламгерлік бетті айқындаған,өзіндік қолтаңбасы бар ақынның тұлғасын танытты.
Жазушылық жолы осылайша сәтті басталған жас ақынның бұдан былайғы барлық саналы өмірі поэзия тынысымен тығыз байланысты өтті. Өмірінің екінші жартысында біріңғай еркін әдеби шығармашылық іске шығып алды. «Поэзия! Менімен егіз бе едің?Сен мені сезесің бе, неге іздедім?»,- деп тебіренетін Мұқағали бүкіл ғұмырын, жан дүниесін қалтықсыз өлең жолына арнады. Таланты бай, ішкі рухани қуаты берік ақын небір тамаша лирикалық жырларын ұсынды. «Мавр» (1969), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда»(1974), «Шуағым менің» (1975) жинақтары қазақ поэзиясында өзіндік белесті із қалдырып, өз оқырмандарын тапты.
1976 жылы жарық көрген «Өмір-дастан» атты таңдамалы өлеңдері мен поэмалары ақындық өмірдің бір түйінді белесіндегі қортындысы секілді көрінді. Келесі 1978 жылы жарияланған «Өмір-өзен» кітабын көре алмады. Дарын ақын, нағыз толысқан шағында 1976 жылы қырық бес жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Бұл кезде ақын поэма дастандарымен, талантты лирикалық шығармаларымен, әлем әдебиетінің кесек туындыларын қазақ тіліне аудару арқылы қазақ әдебиетінің тарихында ерекше тұлғалы орын алып,жарқын да шынайы талантымен кеңінен таңылып үлгерді. Ақын соңында бай да талантты қаламнан туған мұралар қалдырды. Шығармашылық өмірінің алғашқы қалыптасу кезеңі бүкіл кеңес әдебиетінде үлкен серпіліс тудырған алпысыншы жылдардағы «жылымық» жылдарына тұспа-тұс келген ақын дүниетанымы одан кейінгі социалистік қоғамдағы тоқыраудың әуелгі жылдарында күрделі қайшылықтарға ұшырады. Ал өткен ғасырдың соңындағы қайта құру, қазақ елінің тәуелсіздік алу кезеңін ақын өз көзімен көре алмай кетті. Көзінің тірісінде де ақын ретінде жақсы танылып, әдебиетте өз үнімен дараланған суреткердің мұраларына көзқарас, ықылас күшейе түсті.«Бәсіре» (1981), «Зов души» (1981), «Соғады жүрек» Екі томдық шығармалар жинағы (1982), «Шолпан»(1984) қалың оқырман қолына тиді.1991 жылы үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Ақын У.Уитменнің «Шөп жапырақтарын» (1996),В.Шекспирдің «Сонеттерін» (1970), Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бірінші бөлімін (1971) қазақ тілінеа аударып жариялатты.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, Қазақ елінің тәуелсіздік алған кезеңінде Мұқағали Мақатаев мұрасына жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармалары өзі дүниеден қайтқаннан кейін, беріде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығымен бағаланды.Мұқағали өлеңдері–ұлттық поэзияны жаңа бір белеске көтерді. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, түрлендіре байытты да, сонымен қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар, ақын қазақ лирикасын XX ғасыр әдебиетінің озық дәстүрлерімен талантты түрде құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай, жарасымды дамытты.
Бүгінде самғауы биік қазақ жырының сырлы өлкесінен орын тепкен - Мұқағали Мақатаевтың саңлақ үні халық санасына сіңді деп айтуға негіз бар. Ақынның шыншыл, сыршыл қоңыр дауысы әдебиет әлеміне орнықты. Өзімен-өзі арпалысқан мазасыз Ақын-жүрек миллион жүректі адамгершілік, суреткерлік жалын - жігерімен жылытып келеді.
Қазақтың аса дарынды ақиық ақыны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқағали Мақатаевтың мұрасы, өлең үлгісі біздің бүгінгі игілігіміз ғана емес, болашақ ұрпақтың да еншісі, қастерлеп- қадірлейтін қазынасы. Сондықтан мен поэзия пырағын ауыздықтан айтулы ақын жырларын зерттеп, өз ғылыми жұмысыма арқау еттім. Ақиық ақынға арналған ғылыми жұмысымның тақырыбы «Мұқағали Мақатаев шығармаларындағы ұлттық болмыс көрінісі мен афоризмдер» деп аталады. Ғылыми жұмысымның басты мақсаты – ақын жырларына жан- жақты талдау жасау және халықтың салт – дәстүрлерін қалай арқау еткенін анықтау. Сонымен қатар ақын поэзиясындығы нақыл сөздерді, яғни афоризмдерді талдау.
Мен ғылыми жұмысымда ақынның қазақ поэзиясындағы жарық жұлдыз екенін, қазақтың күпі киген өлеңін шекпен жауып мың түлеген ақын екенін дәлелдеуді мақсат еттім. Мұқағали Мақатаев поэзиясының құндылығын жас өскелең ұрпаққа паш ету – басты міндетіміз болса, сол міндетті шешуге өз үлесімді қосу менің де парызым. Сондықтан мен ғылыми жұмысымда ақын поэзиясын жан- жақты білуге тырыстым. Қазақтың салт дәстүрлдеріне тоқтала келе ақын поэзиясындағы осы бағыттағы өлеңдеріне тоқталдым. Ақын өлеңдеріндегі афоризмдерді табуға тырыстым. Арнайы жоспар бойынша ғылыми жобамды жаздым.
Ғылыми жобамда Мұқағали ақынның нағыз талантты ақын екендігін, оның шығармаларының өміршең екендігін танытуға тырыстым.
Ғасыр ауысар тұста Қазақстан Жазушылар одағының шешімімен Мұқағали «Ғасыр ақыны» аталды.
Міне, енді жалпы халықтың сүйіспеншілігіне әлде- қашан ие болған ақын ақыры бұрын ұсынылса да белгісіз, түсініксіз себептермен алмай келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына дүбірлі жалпы халықтың 70 жылдық мерей тойы қарсаңында ие болды. Бұл халық пен өкілетіміздің біртұтастығының айқын дәлелі іспетті. Сондықтан Мұқағали өлген жоқ, оның мұрасы халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Мұқағали мұрасы мәңгілік.

Халықтық дәстүр – ақын өлеңдерінде
Қазақ ақынының түйсінуі,қазақ ақынының тебіренісі сол мәңгілік тақырыпты өзгеше бір реңде жеткізеді. М.Мақатаев өлеңдерін отты, жігерлі десек те, бірыңғай сазды, сыршыл, шешендік, ақылгөйлік сарындары бар десек те, нақ басып дәл сипаттай алмас едік.
Мақатаев-жырлары-азаматтық жан-дүние сырлары. Кәдімгі жұмыр басты пенденің күнделікті тұрмыс-күйінен туындап жататын жан тебіреністері. Әрине,ақынжанды адамның, ақын жүректің бұлқыныстары.
Мұқағали Мақатаев таланты жетпісінші жылдар поэзиясында кемел биігінде, қазақ лирикасының кең төрінде дер кезінде көрінеді.
Мұқағали ақын ретінде ойды ойып алып, дайын күйінде қалтаңа салып бермейді,ойды өрбітеді, ойды тіршілік процесіндей дамытады, шоғын маздатып, қызуын өршітеді.
М.Мақатаевтың поэма, дастандары суреткердің дүниетаным кеңдігін,білім-парасатын, ұлттық әдебиеттің тынысын әлемдік әдеби ізденістер, адамзаттық тебіреністер арнасымен тоғыстыра алуымен бірге, ақын шығармаларының тақырыптық-көркемдік кеңістігін барынша кеңейтті. Поэзияның ірі жанрларында күрделі тақырыптарды, ұлттық мәселелерді,тарихи таным табиғатын талантты толғаумен ол жетпісінші,сексенінші жылдар әдебиетінде өзгеге ұқсамайтын, бітімі бөлек, терең із қалдырды.
Қазақ өлеңінің сыршылдық,ұлттық нәштеріне өз өрнегін қосып түрлік, стилистикалық, троптық жағынанқұнарландырып байытқан Мұқағали Мақатаев таланты, туабітті ақындық дарыны ұлттық поэзиямыздың мәртебесін өсірген осындай шығармалармен дараланды. Ақынның барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің рухани дүниесін, тұрмыс-күйін, арман-мүддесін,тарихи тұрғыдағы ұлттық портретін шыншылдықпен хаттаған асыл мұралар қатарына жатады.
Ұлттық болмыс - ұлттық қадір-қасиет. Ол – сатылмайтын байлық.
Біз үшін сатылмайтын байлық- тіліміз, дініміз, ұлтымыз, Отанымыз. Бұл байлықтар біз үшін бәрінен де жоғары. Осы аталған нәрселер әр адамда бар, бірақ өкінішке орай, бәрі бағалай бермейтіні жүрегімізге батады. Ана тілінде сөйлейтіндерден гөрі, шүлдірлеп сөйлейтін қазақтар өте көп. Дінін сатып, басқа дінге көшкендер де жеткілікті.
- Ұлттық болмысты қалыптастыру үшін не қажет?
Осы сұрақ төңірегінде ойланғанда, Франциядағы бала тәрбиесі жайындағы айтылған мынадай ойлар есімізге түседі. Француздар 3-4 жастағы сәбилер үшін елінің тарихы мен атақты адамдары туралы түрлі-түсті, әдемі кітапшаларды көптеп шығарады екен. Сондай-ақ,Францияның төл тарихы туралы өз сәбиіне түсіндіріп айту ата-аналардың басты міндетіне кіреді екен. Біз де бұл ойға толығымен қосыламыз. Отбасынан бастап, балабақшада, мектепте жалғасын табардай ұлттық болмысты қалыптастыратын жүйелі тәрбие жемісін берері сөзсіз ғой. Біз жаңа дамып келе жатқан мемлекетпіз. Өткеніміз бен бүгінімізге, ертеңімізге сынмен қарап, сара жолды таңдай білуіміз – жарқын болашақ кепілі.[10, 15-бет]
Ұлттық болмыстың бастау алар бір көзі – тіл болса, екіншісі – тарих. Өз елінің, ұлтының тарихынан қол үзген адам тамырсыз ағаш іспеттес, өсуін тоқтатады. Атам қазақ шыққан тегін білмеген адамды – «тексіз», тарихына тұшынып көрмеген адамды – «көргенсіз» деген. Тексіз болу – анаңнан, көргенсіз болу өзіңнен. Білуге ұмтылмасақ, көргенді түйе алмасақ, көптің мүддесіне үлес қоса алмасақ, адамдықтан не пайда?
Міне, осы кезде біздің ойымызға Мұхтар Әуезовтың: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі есімізге түседі.
ХХ ғасырдың қазақ ұлтына әкелген игіліктерімен қатар (жаппай сауаттылық, білім, ғылым, өнер, әдебиет, өндіріс, ауыл шаруашылығының дамуы, т.б.) әкелген қасіреті де аз болған жоқ. Әсіресе ұлттық ерекшеліктің еленбеуі, өз рухани құндылықтарымыздан шеттеп қалуымыз, ұлттық болмысымызды өзгертті.
Халық пен қоғам, дәуір мен әдебиет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сол қоғам мен дәуірдің ақиқатын айқындайтын ірі тұлғалар әдебиет майданында қызмет етеді. Кешегі кеңестік кезеңнің «ащысын татпаса да», «ақиқаттың ауылын шырқ айналып» іздеумен ғұмыры өткен қас талант- Мұқағали Мақатаев.
Ұлттық болмысы, яғни ұлттық рухы жоқ ұлт – ұлт емес. Ұлттық болмысымыз жоғалса, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз ұмыт болып, өзге ұлттың жетегінде кетеміз. Қазақ халқының егемендік алып, тәуелсіз ел болуы бір ай немесе бір жыл емес, сан ғасырлық жинақталған рухының жемісі. Егер бойларында ұлтқа деген патриоттық сезім, рух болмаса, тамыры терең тарихымызда бостандық пен болашақ бақыты жолында қылыш сермескен ата-бабаларымыз жеңіс тұғырынан көрінбес еді. Бір ғана Желтоқсан оқиғасы тарихымызда белең алуы ұлтымыздың бойында рухтың өшпегендігі емес пе? РУХ – тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен күш, биіктетер тұғыр.
Ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың көркем жемісі әр шығармасынан өрнек тауып, оқырманының ойына қанат, бойына қуат бітіріп, поэзия құдіретіне бас игізген – Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дөңгелек дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі тіршілік емес, пендешіліктен адам жоғары қасиеттерімен даралана білді. Әкімшілдік - әміршілдік билік тұсында ғұмыр кешсе де, сәбилік, ата-ана, туған жер тақырыбына бірте-бірте ұлттық рух, ұлттық тарих пен намыс деңгейіне көтеріліп, «Адамгершілік» атты ұлы сезімге ұласып, атамұра сырларын ұғуға, «Құйрық – жалы кесілген» тарих қойнауына, сыры беймәлім әрбір таңбаға үңілуден еш жалықпады..[1,5-бет]
Мұқағали есімін естігенде, көңіл шіркін сан құбылады. Өйткені мен Мұқағали өлеңдерін оқып, жаттап өстім. Алғаш шәкірт атанып, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ Мұқағали өлеңдерімен таныстым. Мұқағали деп аталатын ақын барын естіп, оның өлеңдері санамнан бір сәт кеткен емес. Балалық бал дәуреннің қызығымен бірге бойға сіңген ақын өлеңдері жан дүнием мен ой-санамды түгелдей билеп алғандай еді. Мұқағали өлеңдерін оқып отырып балалықпен қоштастым, Мұқағали өлеңдерін оқи отырып кеудеме сыймай аласұрған алғашқы сезіммен де арпалыстым. Мұқағали өлеңдерін оқи отырып әлемде махаббат деп аталатын сезім мен құдіреттің барын ұқтым. Қуансам қуанышымды бөлісетін, қапалансам қайғыма ортақтасатын Мұқағалижың өлеңдері еді. Тіпті көзге жас, көңілге мұң ұялаған сәттерімде қолыма ақынның жыр-жинақтарын алатын едім. Қолыма алып өз көңіл-күйімді дөп басатын өлең жолдарын асығыс іздей бастайтынмын. Оны көп іздеп әуреге де түспейтінмін. Өйткені жыр шумақтары үнемі мендегі өзге түгіл өзіме де түсініксіз жүрек дүрсілімен үндесіп жататын. Соныдықтан да мен Мұқағали жырларын тек қана оқып қоймай оның өлеңдеріндегі халықтық дәстүрді, нақыл сөздерді білуге құмарттым. Өйткені қазақтың салт-дәстүрлері ақын поэзиясында өзіндік орын алады.

Тұсау кесу – қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі. «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» деп өлеңдетіп қазақтар сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүгіртеді, шашу шашады. Тұсау кескен адамға кәдесін береді, мәселен «Сәби болғым келеді» өлеңінде жырға қосады:
Қанаттанып өмірге ұшарымда
Кесілмесе бәрібір тұсауым да
Сәби болғым келеді, сәби болғым
Сәбиі жоқ ананың құшағында.
Бәсіре – бала жеті жасқа келгенде оған құлын, тай атайды. Бәсіреге аталған мал баламен бірге өседі. Оны бәсірен мал дейді. Мысалы, жылқышы атам – қамқоршы, асыл еді,
Әкелді де, ерттеді бәсіремді – дейді.
«Әлди, әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем», деп басталатын бесік жыры ертеден құлағымызға таныс естіледі. Бесік – киелі, қасиетті мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу халқымыз үшін елеулі дәстүр. Сәбиді бесікке үлкен елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелер салған. Ауызша кездесетін бесік жырының үлгісімен жазған Мұқағали Мақатаевтың «40-жылдардағы бесік жыры» өлеңінде:
Бөпем – бөпем, бөпем-ау,
Қай жерде қалды көкең-ау
Көбісі біздің ырымның
Түкке алғысыз екен-ау! – деп мұңды жырды жазады.
Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай, ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған туған-туысқандар тегіс қатынасады. Беташарда жас келінге тума-туысқандар тегіс таныстырылады.
Суреткер ақын осы беташар салтына байланысты туған «Беташар» өлеңінде:
Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін бастады.
Боз жаулық жауып қыздарға
Шаңырақ құра бастады, – дейді.
Тәбәрік беру – дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ата-бабаның қастерлі бұйымдарын ұрпағына мұра етіп қалдыру оларға үлкен ескерткіш, естелік болып табылады. Ақынның «Әке, сенің тастап кеткен мұраңды» өлеңінде:
Әке – сенің тастап кеткен мұраңды
Төрт немерең көрген шақта қуанды
Терің сіңген тақияға жармасып
Алма- кезек бірінен соң бірі алды, – деп жас өскелең ұрпақты ата-баба мұрасын көненің көзіндей көруге насихаттайды.
Тағы бір «Тәбәрік» өлеңінде:
Аппақ тонын атамның тәбәрігін
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.
Қазақ халқы ақсақалды аталарды, ақ жаулықты аналарды құрмет тұтып, сыйлаған, төрден орын берген. «Тоқта, ботам» өлеңінде ақын:
Ей, болашақ! Қарт келеді зиялы
Кейімесін ата қыран ұялы
Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін
Атаң саған ұзақ өмірін қияды – деп, жас жеткіншек балаларды, қарттарды сыйлауға шақырады. Тағы бірде ақын:
Анам маған: -
Үлкенді сыйла деген.
Сол сөз маған ізгілік құйған екен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті
Үлкендердің өзіне сыйға берем, – дейді.
Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме, шошиды деген қазақта ырым бар. Бұл турасында ақын «Бесік басында» деген өлеңінде|:
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ.
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге – дейді.
Қазақы дәстүрдің бірі – келген қонақты құр жібермеу, қуыс үйден құр шығармау. Ақын бұл орайда:
Бұзықтың қамшысындай иректелген
Бұзық ит, не сор сені сүйреп келген.
Тамыз, кәне, сүтіңнен таңдайыңа
Тажал неме бізді де үй деп келген – деп ойын сабақтайды.
Афоризмдерге арналған Мұқағали өлеңдері
Заманның тынысы мен ақынның мұңы ұштасып кеткен-дей. Бүгінгі күннің, бүгінгі дәуірдің,яғни,ақын өмір сүрген кездің тынысы да осы.
М.Мақатаевтың ақын ретіндегі,азамат ретіндегі бөлекше мінез жаратылысына тән қасиеті-ештеңеден бейтарап қала алмайтыны. Көзімен көріп,көңілімен бағамдаған жайды басқаға да, өзіне де, оңаша да, көпшілік ортасында да бүкпесіз, жалтақсыз қолма-қол айтады. Өзгенің айыбын да,өзінің айыбын да жасырмай бетке баса біледі.
Отан,ана туралы ақындар көп жазса да, өзгеге ұқсатпай, өзінше жырлаған санаулы ақынның төрінен де Мұқағалиды көреміз. Ақын жүрегі балаға да, далаға да, адамға елжірей тебіреніп, егіле жырлайды. Сан –салалы тақырыптағы, түрлі жанрлардағы шығармаларының жан өзегінде сол сезім мен адалдық жарасымды табиғи өмірін танытады.
Мұқағали Мақатаев поэма жанрында да ерекше қолтаңбасымен дараланды. Қазақ тарихының құбылысы мәселелеріне барумен бірге, өз өмір сүрген кезең шындығына да қалам толғады. Саяси-әлеуметтік, қоғамдық-саяси сарындағы поэмаларының өзінде шынайы көңіл шымырқаныстарына толы көркем шындықты бейнелейді. Ол поэма жанрын тақырыптық жағынан байытты, жанрлық-стильдік тұрғыдан жаңғырта түсті.
Бір өлеңінде ақын:
...Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Жоғалтапасаң болғаны ұрпағымды! – деген екен. Ақын аманаты орындалды. Өзі амандығын тілеген елі, жері, артында қалған ұрпағының бір өлеңі бір елдің мұрасындай Мұқағали поэзиясына деген ыстық ықыласы, мәңгі сөнбейтін құштар көңілі.
Ақын Мұқағали Мақатаев «Жетім күшіктер мен кәрі сырттан» өлеңінде:
Кәрі сырттан ұлуын доғармады,
Сол кеткеннен мол кетті, оралмады.
Бірақ бізге өлігін көрсетпеді.
Қиын екен жақсы иттің жоғалғаны – деп, жақсы ит өлігін көрсетпейді деген ойды аңғартады. Ақынның тағы бір өлеңі – «Сабыр» өлеңінде:
Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланда
Төрт тентегің құтыңды қашырғанға.
Бұл өмірде баладан асыл бар ма,
Сабыр, сабыр, әй, достым ашуланба! – деп, сабыр түбі – сары алтын деп досын сабырлыққа шақырады.
Қарап отырсақ, Мұқағали ақын өз поэзиясында көптеген халықтың салт-дәстүрін, ырым-нанымдарын өлеңдерін арқау етеді. Ақын өлеңдерін оқығанда ақынның әр өлеңінен нақыл сөздерді жиі келдестіруге болады. Мысалы, «Өмір – өзен» өлеңінде:
«Рахатқа бола бес күнгі
Ренжіте көрме ешкімді.» иә болмаса:
«Өмірді қалай сыйласаң,
Өлімді сондай жат көрме» – дейді.
Достық турасында М.Мақатаевтың нақылға толы «Қарлығашым, келдің бе?» өлеңінен үзінді келтірсек:
«Достық деген адамның көрігі екен,
Достық деген адамның серігі екен» немесе «Достық» өлеңінде:
Шоқтанып жүрген көгімде
Шолпаным бар ғой менің де,
Жолдассыз, доссыз тегінде
Өткерген өмір, өмір ме? – деп ойын жалғастырады. Ақын өлеңдерінде афоризмдер яғни нақыл сөздер өте көп. Афоризм дегеніміз – мән-мағыналары терең нақыл сөздер. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірсек:
1 Жамандарды іздеме өзі табар
Жақсыларды табуың қиын екен
(«Мавр» өлеңінен)
2 Бір бұйымы бір үйге мұра болар
Қайран біздің аталар – ғұламалар.
(«Аққулар ұйықтағанда»)
3 Атамнан қалған мұра ізеттілік
Арымды соған қоям күзеттіріп.
(«Шуағым менің»)
4 Қазақтың мал-ырысы, малы-бағы
Қашаннан бір-біріне танымалы
(«Тау өзені тентек қой, тасып жатыр»)
Дариясы өмірдің шайқалмайды
Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға
(«Өмір дейтін»)
Адамның ғұмырынан қысқа не бар?
Күн еңкейсе болғаны, кеш кіреді.
(«Сәби-ана» өлеңінен)
Білесің бе, ей кім көрінген?
Айтсын деп ақиқатын тіл берілген!!!
(«Сынауға тіпті құмар кім көрінген»)
Бықсып жанған қоламта емес,
Артымызда шоқ қалсын.
Болашақтың ошағында
Біз тұтатқан от жансын!
(«Болады деп арманда»)
Бас – биік қой,
Биік жерге алдымен қар түседі.
(«Бастау» өлеңінен)
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегіспей,белдеспей
Өтейікші біріміз бен біріміз
Өшіктірмей, өкпелетпей сен деспей
(«Қарлығашым, келдің бе?»)
Ең бір ақынның жаныма жақын өлеңі «Елім барда». Ақын бұл өлеңде үш нәрсені- халқын, тілін, Отанын бәрінен артық көретінін білдіреді. Мысал келтірсек:
Ең бірінші бақытым – халқым менің
Соған берем ойымның алтын кенін.
Тас жүректі тілммен тілімдедім
Бақытым бар үшінші – Отан деген
Құдай деген кім десе, Отан дер ем.
(«Елім барда»)
Мұқағалидың поэзиясы – қай жағынан алғанда да, тақырып, мазмұн, т.б барлығынан биік тұрған поэзия. Оның өлең әлемі – қазақтың таңғажайып жыр әлемінен тұратын керемет ғажайып әлем.
Сені іздедім жоғалған заманадардан,– дейтін Мұқағали‐біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі.Өйткені ол шынында да алауыртқан таулардан түйсік алатын, бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын. Ол асқар Алатауға кең сарыарқаны қоса құшақтауға құлаш ашқан еді.

Мұқағали поэзиясы – қымбат қазына
Фариза Оңғарсынова өзінің бір естелігінде былай деген екен: «Мұқағали – біздің заманымыздың поэзия дүниесіндегі құбылыс. Егер ол құбылысты біз бірден байыбына барып, дөп басып, тани алмасақ, бұл‐ өнердегі заңдылық. Ол‐әсіресе қызыл бояудың жылт етпе құбылуы емес, жақындаған сайын алыстап, жақындаған бояуымен құпиялана түседі. Поэзияның әрі таймас сұлулығы да, барған сайын ынтызарыңды құрта құдіреті де осы болуы керек.
Ең бірінші бақытым - Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін... –
деп өзі жырға қосқан, сенімін артқан, жырын аманаттаған «қалың ел - қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкіркгі мен жанына – уақыт желі, заманалар дауылы шайқай алмас тереңге жіберген бақытты да, армансыз Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.
Мұқағали Мақатаевтың артында қалдырған асыл сөздері мен өлеңдерінен ғибрат ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның ұлтжанды ұрпағы болып өсеміз деп ойлаймын.
Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда мына сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті Жырдың да халқымен бірге, ұлы даласымен бірге, ұлы даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.
Өнер мен Өлең мәңгілігі дегеніміз осы емес пе?

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мақатаев М. Жырлайды жүрек: Өлеңдер мен поэмалар.//Құраст. Б.Айдарова.-Алматы: Жазушы,1989.- 496 б.
2. Мақатаев М. Өмір-өзен: Өлеңдер мен дастандар.-
3. Алматы: Раритет, 2005.- 288 б.
4. Ағыбаева А.Мұқағалимен кедесіп едім.: 9ақпан-
5. М.Мақатаевтың туған күні.//Заң газеті.-2008.-9 ақпан.
6. Ахметқали Ж.Мұқағали лирикасындағы антонимдердің қолдану ерекшелігі.//Қазақ тілі мен әдебиеті.-2008.-
7. «Егеменді Қазақстан» газеті ,9 ақпан, 2001 жыл.
8. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл.
9. «Егеменді Қазақстан» газеті ,9 ақпан, 2002 жыл.
10. «Жас Алаш» газеті 19 маусым 2003 жыл.
11. «Әдебиет» газеті, 27 шілде, 2001 жыл.
12. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл № 6
13. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл №7
14. «Жамбыл-Тараз» газеті, 9 ақпан, 2001 жыл.
15. «Жас Алаш» газеті ,13 ақпан, 1999 жыл
16. «Этнопедагогика» журналы ,2005 жыл № 5
17. «Этнопедагогика» журналы, 2005 жыл № 7

Получите свидетельство о публикации сразу после загрузки работы



Получите бесплатно свидетельство о публикации сразу после добавления разработки


Серия олимпиад «Осень 2024»



Комплекты учителю



Качественные видеоуроки, тесты и практикумы для вашей удобной работы

Подробнее

Вебинары для учителей



Бесплатное участие и возможность получить свидетельство об участии в вебинаре.


Подробнее