Ақын мұрасының көркемдік ерекшелігі және стиль табиғаты
Нарманбет мұраларындағы шығармашылық қолтаңба, ақындық тіл
кестесі оның өмірілік мұраты мен адмгершілік ұстанымын анық көрсетеді. Ақын поэзиясындағы тақырып пен идеялық дүниетаным оның көркемдік айшықтарынан білінеді. Оның лирикалық өлеңдерінде лирикалық қаһарманның жан толқынысы, сөзбен салынған образдылық бәрі-бәрі шынайылық аясында үндесіп, жарасымдылығымен эстетикалық әсерге баурайды.
Ақиқатында, Нарманбеттің лирикалық өлеңдері аз десек қателеспейміз. Жастық желеңмен жазлған махаббат тақырыбындағы бірқатар өлеңдері оның көркемдік, әсемдік деңгейін анықтауға өзінше үлес қосады. Атап айтсақ, “Бір-екі хат”, “Көкала үйрек”, “Ғазал”,т.б. Бұл сипаттағы өлеңдерінде я болмаса әркімді бір өткір сөздің жебесімен сойып тастаған эпиграмма түріндегі өлеңдерінде ақынның өлең сөзге жүйріктігін, нәзік сезім иесі екендігін, әрі ұрымтал түстен дөп тигізетін аса бір тапқыр жан екендігін мойындаймыз. Әрі сол бір шындықты мойындатар қасиет –ақынның тіл көркемдігі.
Алтын бас қалқам, ақ маңдай,
Қаһарлы жүзің гауһардай,
Оймақ ауыз ақша бет,
Пісте мұрын, жез таңдай.
Таразы бойың,
Таптырмас ойың,
Дәл қандай.
Ақынның бұл тараптағы өлең жас кезінде жазылғаны өлең табиғатынан анық аңғарылады. Әрі ақын қолдан тілдік өрнек, суретті портрет жасау ауыз әдебиетінің поэтикалық дәстүрлерімен сабақтасады, сол бір тұнық қайнардан бастау алады. Мәселен , “халық әндері “Топайкөк”, “Маусымжан” т.б. осынау өлеңнің жазылуына түрткі болған ба деген ой санаға еріксіз ұялайды. Мұндағы градациялық кличаларды пайдалану арқылы ертегілік үр бағының хор қызындай аруды сипаттайды. Мұндағы ұлттық тұрақты тіркестер, анатомиялық фразеологизмдер дамытулар арқылы әсерді күшейтуге жұмсалып отыр. Лирикалық қаһарманның ереше тамсануын байқаймыз.
Мұнда қыздың сыртқы көрік әсемдігі айтылғанмен, жан сұлулығы, ішкі жарасымдылық ашылмаған. Тек жалпылай айтқан тапқыр ойлы, әр нәрсеге танразылап бойымен инабат сақтаған мінез кесектігіне сәл –піл шолу ұсынған. Әрине, ақын сөзге сараңдық арқылы, аз сөзбен көп нәрсені ұқтыруға ұмтылған. Шеберліктің өзі аз сөзден ұтымды образ жасауға талпыну болса керек. Эпикалық бейнелеулердегі “Бұрымын желге таратып, қыпша белін бүгілітіп” келетін әсірелеулер арқылы ой қозғау алған ақынның өзіндік қырын көреміз. Және бір байқап, атап айтар жайт, өлең құрылымының әнге ме я болмаса бұрынғы қазақ өлең шумағынан бөлек түрге құрылуында.
Бұл өлеңдегі ақынның көркемдік образы қандайда бір идеалдарға негізделгендіктен лирикалық қаһарманның қыз сұлулығына тамсануы да жасандылық емес, еліктеу –солықтаудан туған шабыт сәті. Шынаыйылықтың сипат –сыны да сол ақын реалистік бейнелеуге қалам толғамай, өз сезімін ашуға баса акцент қойған. Сол арқылы да өз қиялындағы “алтын бас қалқаға” жан құрметінің тереңдегі сырын ашудан туған. Ақынның сыр ашу, сұлулыұққа тамсануы заңды да. Міне, осы тектес өлеңдері ақынның көркемдік талабының биігіне көтерілуге баспалдақ, іздену сатысы болғаны күмәнсіз. Нарманбеттің ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол керемет дидактик ақын болумен қатар, сыршылдығы да ерекше Лириканың сирек кездесетін қас шеберлерінің бірі десек артық айтпаймыз. Сонмен бірге біз Нарманбетті реалистік сипаттағы ойшыл ақындар қатарына қосамыз. Мұны алдымен өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтсақ, сонмен қатар өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлер пікірлер дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни әр нәрседен пайымды да байсалды ой түйетін ақын ретінде айтамыз.
Қай ақын болсын халық даналығынан сусындайды, рухани азық алады. Сөз байлығы мен өнерпаздық үлгісінен үйреніп нәрленді. Нарманбеттің үйренген ақындқ дәстүрлерін сөз етпей тұрып, оның өзінен бұрынғы поэзиялық өнеге- үлгілерге табан тірегенін атап айту керек. Нарманбеттің зар заман сарынын қозғаған дәстүр үлгісін айту үшін оны бұрынғы ақын –жыраулардың үлігімен байланста алып қарау керек. Олардан бөлектетіп, тіпті оларға қарсы қою жаңсақтық. Мұның өзі біздің нарманбеттануымыздағы орын алып келген жете бағаламаудың гол аз болса мүлде жоққа шығарудың жарқын бір көрінісі еді.
Оны ауызша поэзияның дәстүрімен жалғас, тығыз байланыста десекте, жеке бір өнер арнасыдғы тың құбылыс деп қарауымыз керек. Қазақ әдебиеті тарихында аса бір үлкен арналы бұл бір неше ғасыр бойы созылып келген әдеби процесстерді өз бойына жинақтаған Нарманбет ақын ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясндағы жаңаша бір өрнекті тұлға де танимыз.
Осынау тарихи - әдеби үрдістердің бас жағында тұрған Шалгиіз, Доспамбет секілді ондаған ақын – жырауларды былай қойғанда, Бұқар, Тәттіқара, Махамбет, Шортанбай, Дулат, Мұрат немесе Біржан сынды, Ақан сынды әнші–ақын деп аталып жүрген көптеген ақындар қазақ әдебитіндегі өз бағытын тақырыптары, стильі, сөйлеу мәнері бар ірі тұлғалар. Осындай ақынды өлеңді ауызша шығарып, ауызша айтқан деп саналса да, олардың бір талайы хат таныған, оқыған, Шығыс, орыс, Европа әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болған. Бұларда Нарманбеттің рухани – танымдық арналары болғаны бізге белгілі. Әсіресе ең қуатты рухани –поэтикалық үлгіні Нарманбет Абайдың ақындық мектебінен алғаны баршаға белгілі жайт.
Нарманбет саяси лирикада болсын Абай үлгісін анық ұстанады.
Айтқан серттен жылысқан
Біреумен біреу аңдысып,
Мал ұрласып жандасып,
Көңілден көңіл суысқан.
Саяси ахуалдардың қазақ қоғамын біржолата қараңғылыққа батырып жіберу қаупін болдырмау үшін, ұлт ояту идеяларын жарыққа жария ету мақсатында туған ақын өлеңдерінің әдебиетімізде орны ерекше. Халқының басына төнген қараңғылық бұлтын сейілту үшін қоғамдық дерттің емін,саяси- әлеуметтік індет шипасын өз өлеңдерінен іздеді.
Ғылымның нұр сәулесі түспеген соң,
Көңілі біздің жұрттың қара жатыр,-
деп ғылым мен білім нәрінен сусындамаған қараңғы халықтың надандықтың құрбаны болатынына қатты күйзеліс білдіреді.
Ақын қоғамдық залалдардың барлығын пасық надандықтан, береке – бірліктің, ынтымақсыздық, жалқаулықтық салдарынан деп таныды, тапты. Нарманбет өз елінің зор мәдениетке ұмтылмай, білімге немқұрайлы қарағанына қатты күйініп, өзінің жанашырлық сезімін 1905 жылы жазған “Қазақ елі біз тұрмыз” өлеңі арқылы береді.
Қазақ елі біз тұрмыз,
Үлгі - өнерден құр тұрмыз.
Сауында бар, санда жоқ,
Надандықты емдеткен,
Қисық жолды жөндеткен,
Тым болмаса қам да жоқ.
Артта қалған өрнек жоқ,
Жарық сәуле шам да жоқ.
Азбандай буға ілестік,
Бұқадай буға сірестік,
Қызық түгіл шаң да жоқ,-
деп туған халқының тамырына балта шабар азғындықты атап көрсетеді. Ұлы кемеңгер Абайдың “Қалың елім қазағым, қайран жұртым” өлеңінің заңды жалғасын Нарманбет ақынның жастарды оқу- білімге, өнерге үндейтін ағартушылық бағыттағы өлеңдерінен көреміз. Ақын өлеңінде жастарды жақсы жолға бастар ұрандар тасталып, оларға елінің намысын қорғар келешегі зор адал перзент деп үміттене қарайды. Өлеңдегі негізгі түйін: “Халқына қапысыз қызмет етер ойлы жас болуға, бар жиған – терген өнерін соның жолына арна, білім сәулесін таратар шамшырақ болуға тырысайық, менендік, әпербақан, залалды бос жүрістен сақтанайық” сынды тәрбиелік мәні зор ақыл - өсиетке құрылған.
Әлеуметтік тұрмыста, қоғам аясында әйел бейнесінің қандай болу керектігі турасында ой толғап, өзіндік идеалдарын жырлаған ақын қазақта аз емес. Сондай бір қоғамдағы әйел алатын орынды ашу, оның қоғамдық мәртебелерін анықтау Нарманбет поэзиясының негізгі динамикасы, ішкі қозғаушы шабыт көзі іспетті. Нарманбет өз дәуірінің ақиық ақыны, адалтуған перезенті. Ақын дүниетанымында әйелдің негізгі асыл қасиеттері салт –дәстүрге адал болу, ұлт болмысын құрметтеу. Жар болудың қыр –сырын, қыр –құпиясын өз поэзиясында барынша кеңінен толғанған. Ақынның эстетикалық идеалы – қазақ әйелі. Оған қояр талапта, рухани мүдде тұрғысы да асқақ. Бұл тұста Нарманбет шығармашылығына жыраулар мектебінің дидактикалық мотивизиациясы мен адам жан дүниесін бәрінен жоғары қойған биік парықтау бар.
Жан саясы - жақсы жар,
Ақылың, ойың жарасса,
Тәрбиелеп шаруаңды,
Аш –арыққа қараса.
Түзде жүрген үйің жай,
Мүлкің бүтін болар сай.
Атағың шығар алысқа,
Ренжіп мейман кетпесе,
Қабағын қатып шытпаса,
Береке кірер бар асқа.
Бұл өлеңде де ұлы Абайдың жақсы жар турасындайғы ойлары Нарманбет өлеңінің идеялық қоймасы болып отыр. Жақсы жар деген түсінік ақын үшін бүкңіл бір отбасының шаттығы ретінде көрсетіледі. Олай болуы да заңды. Әйелдің кем -–етікке қарасатын мейірімділігі, үйге келген қонақты ренжітпейтін меймандостығы нағыз асыл жарға лайық таңдаулы қасиеттер болып алынады.
Жақсы әйелдің параметрлік көрсеткіштері – мейірімділік деп барынша атап өтеді. “Қабағын қатып шытпау” деген жол өлеңдегі деталь үлгісі. Осы жолдан -ақ әйелдің болмашыға күйінбеу, пендешілік қылықтан аулақ болу сынды қасиеттерге жетелейді. Және бір байқайтынымыз, жыр үлгісі де дәстүрлі жыралуар мектебінің жыр үлгісі. Ашып айтсақ, шұбыртпалы ұйқас, төгіліп келген, құйылып келген жыр тұнбасы ретінде түзілген.
Ақындық импровизация -өлеңнің ішкі түйіні, сондықтанда бұл өлең экспромт ретінде бірден құйқылжыған көңілден, қиналған жүректен бірден төгіліп түскені көрінеді. “Ердің атын жақсы әйел шығарар” деген ғасырлар бойы сыналыпкелген халық даналығын Нарманбет қайыра толғайды. Бұл өлеңнің түрі де – сыр лирикасы, ішкі сезімдердің биік тұрғысы болған идеалды көксеу болып ашылған.
ХХ ғасыр басындағы өзге ақындар әйел тақырыбына келгенде ескішіл әйелге қойған талаптардан бойын аулақ салып, еуропалық әйелге қойған стандарттарды қабылдап, жаңа замандағы жаңа әйел бейнесін жасауға талпынғаны анық. Осы бір кезеңдегі асыл жарға қояр биік талаптарды халық көтерген межеден жырлау тек Нварманбетке ғана лайық ерекшелік. Бұл ерекшелікті кейбір зерттеушілр өз дәуіріндегі, ақын шығармашылығындағы кемшілік деп бағалады. Бұл әрине тарихи да әдеби де жаңсақ пікір. Олай дейтініміз, ақын өз халқының төл баласы болғандықтан, халықтың ғасырлар бойы жинаған даналығынан өзге жол іздемеген Нарманбеттің ұлт менталитетіне беріктігін байқаймыз.
Нарманбет шығармашылығының бір ерекшелігі ұзақ сюжетке құрылған, оқиғалы өлең жазбаған. Бұл да ақынның өзінің шығармашылық машынығын анық пайымдағанынан. Қысқа сюжетке құрылып, ұтымды шыққан “Балалық күй”, “Кер заман” сынды бірқатар өлеңдері көркемдік әсемдігі, идеялық тереңдігі, тақырыптық құндылығы тұрғысынан алғанда ақынның туындыгер ретіндегі шеберлігін танытатын бірден – бір мұралары. Шағын оқиға желісіне құрылған осы тектес ақын мұралары өз дәуірінің саяси - әлеуметтік жағдайларын толық қамтып, аз сөзбен айтар ойын оқырман қауымға жеткізе алған. Күрделі де сан қырлы, қатпары мол ой түйінін аз сөзбен тұйықтай білу – нағыз майталман сөз зергерінің белгісі болса керек. Ендеше, сөз асылын ой асылымен тоғыстыра білген ақын қатал талап мүддесінен шыға білді деуге толық негіз бар.
Сыршыл да нәзік сезімді өз шығармаларына арқау еткен ақын бір сарынға салынып, байырғы тақырыпты қозғай бермей, өз дәуірінің жаңашыл азаматы екенін де аңғартады.Бұл тұста ақын шығармалары әлеуметтік мотивте жазылған толғаулар мен көңіл күйді білдірер әсерлі элегиялар, сол кезеңдегі заман ағымы, қоғам тынысы мен адамдардың мінез – құлқын сипаттайтын нақыл сөз яки афоризмдер түрінде де болып келеді. Сыршылдық лирика мен саяси лирикаға қатар жан бере білген көркем сөз бен парасатты ой кербезі поэзия пайғамбары болған Абай шәкірті екенін тағы бір дәлелдеп бергендей.
Нарманбет мұраларында айтыс, жоқтау, жұмбақ өлеңдер де бар. Бұл ақын шығармаларының қазыналы халық ауыз әдебиетінің мұраларымен тығыз байланысты екенін байқатады. Қай ақын болса да, бай ауыз әдебиетнің мұраларымен сусындап өсері сөзсіз. Бұл ретте ақын өзінің халық кемеңгерлігінің, ел даналығаның нағыз шәкірті екенін дәлелдесе керек. Осы сипаттағы туындылары өзінің көркемдік ерекшелігі, әсерлі жалынымен құндылығын арттырып, ақынның суырып салмалық, ой жүйріктігі мен тапқырлығы мейлінше шыңдалғанын көрсетеді. Міне, әр түрлі тақырыптарды ептілікпен тоғыстыра білген ақын шығармашылығының тынысы кең, өрісі шалқар екенін бірден тану еш қиындық келтірмейді.
Ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі мен құндылығын тілге тиек еткенде, ұлы кемеңгер Абай мұраларының әсерінің мол болғанын байқау қиын емес. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, бұл заңды дәстүр. Абай өлеңдерінің көп формаларының өз жалғасын Нарманбет өлеңдерінде тауып жатуы екі ақынның да сыршыл әрі реалист, рухани жан дүниелерінің туыстығында болса керек. Жаңашылдыққа жаны құмар ақын өз туындыларына тың формаларды да енгізе білген. Мәселен, ақынның “Ауыл қайғысы”, “Шал қайғысы,” “Кер заман” өлеңдерінде өзіндік қолтаңбасы ашық байқалса, енді бір “Алыстан болжап, ақылмен толғап”, “Толғауы тоқсан қызыл тіл” деген өлеңдерінде Абайға еліктеушілік анық көрінеді. Дегенмен ақынның бұл өлеңдері түбегейлі еліктеушілік сарында жазылмай, өлеңге өзінше ырғақ, жаңа да соны жол – шумақ кіргізіліп, құбылтылып отырады.
Ақынның енгізген жаңалықтары қазақ поэзиясына кірген жаңа форма болып табылары ақиқат нәрсе.
Ілімді құс,
Икемді ат,
Сүйікті жігіт,
Сүйікті қыз –
Кімге жат.
Қызметкер іні,
Қылықты жеңге,
Көңіл шат.
Жағымды қатын,
Жақсы бала,
Бір мұрат.
Қайырсыз бай,
Қантсыз шай –
Құрметі жоқ,
Жаман ат.
Бұл өлең өлшеуінде буын, ұйқас сандары тең келіп, белгілі ырғақ өлеңнің ішкі – сыртқы динамикасын орасан күшейтіп, көркемдік шырайының бояуы қанық бүтін бір өлең формасын жасап тұр.Бұның өзі ұстазы Абай секілді жаңа мазмұнға сай жаңа пішінге ұмытылған ақындық талпынысын анық көреміз.
Ақынның қандай тараптағы өлеңі болмасын оның көркемдік, стильдік қолтаңбасы барынша сіңіріліп, оған өзіндік бояу машығын беріп тұрғанын таныта түседі. Ондағы ақындық өнеге - дәстүр жыраулар меткебінен болсада, оның өзіндік көркемдік айшық – сұлулық сипаты бар.
Жақының жаман болса,
Табанға басқан боқпен тең.
Қатының жаман болса,
Бықсып жатқан отпен тең.
Балаң жаман болса,
Болатты басқан тотпен тең.
Келінің шайпау болса,
Ойсыз кеуде, мисыз бас,
Бала ойнаған доппен тең.
Қанағат рақым, шапғат,
Сарқылмас бұлақ күшпен тең.
Сараңға біткен төрт түлік,
Табанға біткен күспен тең.
Баянсыз қонған бақ – дәулет,
Обаға қонған құспен тең.
Өтіп кеткен өмрің,
Бейне көрген түспен тең,
Ендігі қалған өмірің,
Босап тұрған тіспен тең,
Үмітте қалар артыңда,
Бітпей қалған іспен тең.[ 12:117]
Осы бір ой жотасы, салыстыра қолдау арқылы, негізгі идеяға бағыттау нағыз жыраулар салған көркемдік үлгі екеніне ешкім де дау келтіре қоймайды. Шалкиіз жырау, Ақтамберді жырау қай –қайсысы болмасын жақсы мен жаманды алма-кезек қойып контраста алу арқылы оқырманға негізгі түпкілікті идеяға жетелеу бар. Әрі ақылмандық сипат өте қанық көрінеді. Тіпті Асан қайғының “Бұл дүниеде не ғаріп” өлеңімен сипаттас, үндес Нарманбеттің де қолтаңбасы бар.
Бұл дүниеде не ғаріп?
Ақ қаласыз бөз ғаріп.
Жақсыларға айтпаған,
Ғауһардай асыл сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар тез ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп,
Алдында дана болмаса,
Болады екен ел ғаріп..
Нарманбеттің осынау өлеңінде Асан қайғының сөз тіркесім үлгілері тіпті кей тұста тұтастай алынп қолдануы арқылы жыраулар дәстүріне қоңсы қонып, әрі өзінің өмірілік дүниетаным позициясын айқындайтын сипаттарды тереңдеп ашуға бағығтталған. Қорыта айтқанда, Нарманбет лирикасындағы көркемдік, стильдік ерекшеліктер өзіндік қолтаңбасын айқындап берер лирикалқ даралық сипаттардың параметрларын қамтиды.
Пайдаланылған әдебиеттер
Нарманбет Орманбетұлы. Шығармалары. Қарағанды: Болашақ.1998
“Абай” энциклопедия Алматы 1995 ж.
Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. 1986.
Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы “Мектеп” 1973 ж.
Алдажаров Н. Тобықты тарихы. “Жұлдыз” журналы. 1996 – 8.
Ақылдың кені. Алматы “Қазақстан” 1991 ж.
Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар Алматы “Ғылым” 1986 ж.
Әуезов М: Абай ақындығының айналасы. “Әдебиет майданы” 1934 №11, 12.
Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы “Қазақ университеті” 1992 ж.
Әбдіғазиев Б. Нарманбет ақын. “Егемен Қазақстан” 1990 29 шілде.
Әбдіғазиев Б.Жақсылар істі түзеттер. “Егемен Қазақстан” 191 27 шілде.
Әбікенов М. Нарманбет жөнінде аздаған ой – толғау “Үш анық” 1993 ж.
Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы 1961 ж.