Назарова Шынар Талғатқызы
Атырау қаласы. Атырау энергетика және құрылыс колледжінің билогия және химия пәні оқытушысы
Инновациялық педагогикалық технологиялардың жіктелімі және сипаттамалары
Жаңа заман талабына сай биология пәнінің мұғалімінің шеберлігін арттыруда бiлiм мазмұны мен оқыту технологияларының рөлі ерекше. Оқыту технологияларын талдағанда, қазiргi өркениеттi елдер тәжiрибесiнде жүзеге асырылып жатқан бiлiм берудiң жаңа моделiне – нәтижеге бағдарланған бiлiм моделiне - сәйкес келетiн оқыту технологияларын iрiктеудi қажет етедi.
БҰҰБҒМҰ-ның құжаттарында оқыту технологиясына «техникалық және адам ресурстарын, олардың өзара бiрлiгiн ескере отырып, оқытудың тиiмдiлiгiн арттыруды мiндет етiп қоятын мұғалiмнiң бүкiл оқыту iсi мен оқушының бiлiмдi меңгеру әрекетiн ұйымдастырудың, қолданудың және анықтаудың жүйелi әдiстерi- деп анықтама берiлген. Педагог-ғалым В.М.Шепель: «Технология – белгiлi заттың бейнесiн өзгерту үшiн қолданылатын өнер, бiлiктiлiк, әдiс-тәсiлдер,»- дедi. И.Г. Зайнышев: «Белгiлi затты, тұлғаны сапалы өзгертуде қолданылатын бiлiм мен әдiс-тәсiлдер жүйесi» деген анықтамасын ұсынады. Е.И.Холостов болса, технологияны «белгiлi шығармашылықтан сапалы нәтиже алу үшiн қолданылатын әрекеттер жиынтығы»- деп санайды. Ал Р.В.Овчарова оған «адамның әрекетiн, бiлiктiлiгiн, тәжiрибесiн еңбекке қажеттi заттарды, әлеуметтiк шындықты сапалы өзгертуге бағытталған әрекеттер жүйесi»- деп қарауды ұсынады.
Ресейлiк ғалымдардың iшiнде осы технологияның мәнiн бiршама анығырақ айтқан Б.Т.Лихачев:” Педагогикалық технология – оқыту тәсiлдерi мен тәрбие құралдарын, оқытудың түрлерiн жинақтап, арнайы бiрiктiрудiң жолдарын анықтайтын психологиялық-педагогикалық құрлымдардың бiрлiгi, сондықтан да ол – педагогикалық процестiң инструментарийi болып саналады”, - дейдi. В.П.Беспалько [31] педагогикалық технологияны “оқу процесiн жүзеге асырудың мазмұндық техникасы” деп санаса, И.П.Волков[19] “жоспарланған оқыту нәтижелерiнiң жетiстiктерi процесiнiң сипаттамасы” деп бағалайды. В.М. Монахов[20] педагогикалық технологияға “оқушы мен мұғалiмге қолайлы жағдай туғызатын оқу процесiн жобалау, ұйымдастыру және өткiзу бойынша бiрлескен педагогикалық әрекеттердiң жан-жақты ойластырылған моделi”,- деген анықтама бередi. Көрiп отырғанымыздай, технология туралы қазiргi ғылымда орныққан дәл анықтама болмағанымен, олардың бәрiнiң тоғысатын ортақ арналары бар. Олар, бiрiншiден, технологияның шеберлiкпен, бiлiктiлiкпен байланыстылығы; екiншiден, технологияның сапалық өзгерiс жасау мақсатында қолданылатыны; үшiншiден, технологияның бiртұтас әдiс-тәсiлдер жиынтығынан құралатындығы. Олай болса, технологияның бiлiм мекемелерiнiң кез келген типiнде жаппай қолдануға қолайлы әрi тиiмдi оқу процесiн құрудың жолдарын iздестiрудiң нәтижесi ретiнде туған тұжырым екендiгi даусыз. Бiлiм беру, оқыту процесiндегi технология – “қойылған мақсатқа тиiмдi жолмен қол жеткiзудi қамтамасыз етушi жүйе, яғни бiлiм мазмұнын жүзеге асырудың тәсiлi.” Технология, бiр жағынан, бiлiмдiк ақпараттарды өңдеп ұсынудың, өзгертудiң, ашудың әдiстерi мен құралдарының жиынтығы болса, екiншi жағынан, мұғалiмнiң қажеттi техникалық және ақпараттық құралдарды оқу процесiнде қолдана отырып, оқушыларға ықпал етуiнiң тәсiлдерi туралы ғылым. Жалпы педагогикалық технологияның дамуының қайнар көздерiн педагогикалық психологияның, әлеуметтану ғылымының, этнопедагогиканың жетiстiктерi мен озық педагогикалық тәжiрибелер, сондай-ақ өткен жылдардағы отандық, шетелдiк педагогикадағы жинақталған асыл қорлары құрайды. Сол себептi де технология өткеннiң жетiстiктерi мен жаңашылдықты тоғыстыратын, оқыту жүйесiнiң барлық мүмкiндiктерiн оқушының дамуына пайдалануды көздейтiн бiртұтас ұғымға айналады. Түйiндей келгенде, оқыту технологиясы мұғалiм мен оқушының мүддесiне қызмет ететiн, толық үндесiмге негiзделген оқытудың әдiстемелiк жүйесi болып шығады.
Оқыту технологиясына тән белгiлер:
Негiздiлiгi (кез келген технологияның өзiндiк философиясы, өзiндiк тұжырымдамасы болуы шарт).
Жүйелiлiгi (құрылымдық элементтерiнiң бiртұтастығы).
Басқарылмалылығы (оқыту процесiн бастан-аяқ жоспарлап, нәтижесiн тексеруге болатындығы).
Тиiмдiлiгi (қысқа мерзiмде аз шығынмен жоғары нәтижеге қол жеткiзу мүмкiндiгi).
Технологияның түрлерiн саралауда да түрлi бағыттар қатар орын алып отыр.Ростов мемлекеттiк университетiнiң оқытушысы В.Т.Фоменко педтехнологияларды өзгеше топтастырады. Ол технологияларды қолдану деңгейiне қарай, философиялық негiзiне қарай, жетекшi факторына қарай топтастырады. Ал тәжiрибенi меңгертудiң ғылыми негiздемеciне сай педтех-нологиялар ассоциациялық-рефлекторлық, бихевиористикалық-гештальдық, дамытушылық деп те жiктеледi. Ал осы педтехнологияны түбегейлi зерттеген ғалым Г.К.Селевко оны былайша топтайды:
қолдану өрiсiне қарай: жалпы педагогикалық, жеке пәндiк, модульдiк, әдiстемелiк;
мазмұны мен құрылымына қарай: оқыту (тәрбиелеу), зайырлы (дiни), жалпыбiлiмдiк (бағдарлы), гуманитарлық (технократиялық), монотехнологиялық, политехнологиялық, аралық;
ұйымдастыру түрiне қарай: сыныптық-сабақтық (альтернативтiк). Академиялық (клубтық), жеке (топтық), ұжымдық оқыту тәсiлi, саралап оқыту» [33].
Дегенмен, бiр ғана бағытпен шектелетiн монотехнология болмайтыны ақиқат. Кез келген технологияға кешендiлiк тән. Бiрақ өзiнiң таңдаған басым бағытына орай олардың арасында өзгешелiк те сақталады, соған cай белгiлi бiр атауға ие болады. Сонымен, технология – жеке тұлғаны дамытуға негiзделген мақсатты педагогикалық жүйе. Педагогикалық технологияның принциптiк екi ерекшелiгi ретiнде, бiрiншiден, оның көздеген нәтижеге жетудiң кепiлдiгi екендiгiн, екiншiден, оның болашақ оқу процесiнiң жобасы түрiнде сипатталатынын атап айтуға болады.
Технологияны қолдануда мұғалiм шеберлiгi ерекше мәнге ие. Оның кәсiби шеберлiгi мен оқытудың қандай әдiс-тәсiлдерiн таңдауы ғана технологияның ұтымды болуына алғышарт жасайды. Дәстүрлi оқыту жүйесiнен тыс жасалған технологиялар оқытудың мотивациялық сипатын арттырып, оқушылардың пәнге қызығуын тудырады, оқушының өз айналасындағылармен табиғи бәсекелестiгiн дамытады, оның дара тұлғалық белсендiлiгiн күшейтедi, өз бойындағы қабiлетiн саналы түрде ашуына қолайлы жағдай туғызады, олардың адамгершiлiк сапаларын жетiлдiредi, шығармашылық еркiндiкке ұмтылдырып оқушылардың бейiмдi бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк туғызады.
Қазақстан Республикасының “Бiлiм туралы” Заңында оқыту формасын, әдiстерiн, технологияларын таңдауда көпнұсқалылық қағида бекiтiлген, бұл бiлiм мекемелерiнiң мұғалiмдерiне, педагогтарына өзiне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық үрдiстi кез-келген үлгiмен, тiптi авторлық үлгiмен құруға мүмкiндiк беретiндiктен оқу үрдiсiн қайта жаңғырту идеясы педагогикалық технологияның негiзгi тiрегi болып табылады. Ол идея мынадай мазмұндық бiрлiктерден құралады:
оқытудың жалпы мақсаты;
жалпы мақсатытың нақтыландырылуы;
оқушылардың бiлiм деңгейiн алдын-ала (диагностикалық бағалау);
оқу әрекетiнiң жиынтығы;
нәтиженi бағалау.
Мұғалімнің шеберлігін арттыруда, бiлiм сапасының күшейуі берiлетiн бiлiмнiң түпкi нәтижеге бағытталуымен және оқытуда тиiмдi технологияларды пайдалануымен айқындалады.
Қазiргi бiлiм беру жүйесiне лайық технологияларды iрiктеудiң критериийлерi оқытудың жаңа талаптарымен сәйкес анықталды. Зерттеу нәтижесiнде оқыту технологияларын iрiктеу мен жүйелеудiң мынадай критерийлерi айқындалды:
технологиялардың нәтижеге бағдарланған бiлiм моделi талаптарына үндес болуы;
технологиялардың оқушының мүддесiне басымдылық беруге бейiмдiлiгi;
технологиялардың оқытудың әдiстемелiк жүйесi компоненттерiн өзара бiрлiкте қамту мүмкiндiгiнiң болуы;
технологиялардың оқу сатыларының кез-келгенiнне қолдануға қолайлылығы;
технологиялардың бiлiм сапасын арттыруға ықпалының айқын болуы;
технологияның оқушы бiлiмiн объективтi бағалауда тиiмдiлiгi, т.б.
Сөйтiп, педагогикалық технологиялар бiлiм сапасын арттырудың маңызды шарты ретiнде бүгiнгi қоғамдық-әлеуметтiк сұранымға сай жетiлдiрiлiп отырылуы тиiс. Бұл орайда оқытуда қоғам мен оқушы мүддесiн қатар қамтитын, мұғалiм шеберлiгiн шыңдайтын, оның нәтижелi жұмыс жүргiзуiне оң әсерiн тигiзетiн технологиялардың көбеюi мұғалiмнiң таңдау мүмкiндiгiн кеңейтiп отыр. Ол оқу процесiндегi кездейсоқтық пен жүйесiздiктен арылуға, оқу материалын тиiстi деңгейде меңгеруге, оқушы бiлiмiн объективтi бағалауға жол ашады. Сондықтан да педагогикалық технологиялар бiлiм сапасын жетiлдiрудiң маңызды компонентi деп саналады.
Мақсаттылық белгісі – оқушыны оқытуда, оның жеке тұлғасын дамытуда белгілі бір нақты техногогияны қолдана отырып қандай нәтижелерге жетуге болатынын нұсқайды. Технологияның диагностикалық құралдармен қамтамасыз етілуі мұғалімге педагогикалық ықпалдың барысы мен нәтижелерін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Талдау құралдары мұғалімге өз қызметін және оқушының өзін- өз дамытумен тәрбиелеуі және олардың нәтижелерін бағалай алуы үшін қажет.
Педагогикалық технологияның келесі белгілер тобы- оқытушы мен оқушы қызметтерінің өзара қарым- қатынасын реттейтін, бір жүйеге келтіретін заңдылықтар. Көп жағдайда, мұғалім түрлі талаптарды, әдістемелік нұсқауларды есепке алады да, оқушылардың қажеттіліктері мен қызуғушылықтарын назардан тыс қалдырады. Мұндай жағдайда мұғалімге өз мақсатына жетуге ешқандай технология көмектесе алмайды.
Мұғалімнің қызметі (оның мақсаты, қажеттіліктері мен мотивті, іс- қимылдары, олардың құралдары мен іске асу шарттары т. б.) оқушының қызметі мен іс- әрекетіне ( оның мақсаттарына, мүмкіндіктеріне, қажеттіліктері мен қызығушылықтарына т. б.) сәйкес келуі шарт.Тек осы негізде ғана мұғалім педагогикалық ықпал құралдарын таңдап, оларды іске асыра алады.
Аталған белгілер педагогикалық технологияның қасиеттерін анықтайды. Технология тұтас болуы қажет- бұл технология барлық аталған жолдарды беруі тиіс деген сөз. Мұғалімдер жасап шығарған авторлық технологиялар тұтастық принципіне сай емес; яғни, мұғалім ойлап тапқан бір ғана жетістікке көңіл бөлінеді де, технологияның басқа белгілері ұмыт қалады.
Педагогикалық технологияның келесі бір маңызды қасиеті- оптималдылық. «Оптималдылық» термині (латын тілінен аударғанда «optimus»- «ең жақсы» дегенді білдіреді)- белгілі бір шартар мен міндеттерге ең сәйкесі, тиімдісі дегенді білдіреді. Ю. К. Бабанский педагогикалық үрдістің тиімділігінің бірнеше критерийлерін бөліп көсеткен. Егер, педагогикалық технологияға сол критерийлерді қолдана отырып төмендегідей шарттарды орындаса неғұрлым тиімдірек болар еді:
егер оның қолданылуы әрбір оқушының ең таяу даму зонасында білімділігін, тәрбиелілігін және дамуына қамтамасыз етсе;
егер оның қолдануы оқушы мен оқытушының ғылыми негізделген уақыт мөлшерінен артпаса яғни, білім беру стандартымен және мектеп ережесімен айқындалған уақыт ішінде мүмкін боларлық «maximum» нәтижелерді бере алса.
Технологияның келесі бір маңызды қасиеттері- нәтижелілігі және қолдануға жарамдылығы.
Бір технологияның екіншісінен айырмасы- оны қолданудың нәтижесінде оқушының дамуында, тәрбиесінде, білім алуында байқалатын жағымды өзгерістер. Нәтижелік дегеніміз осы.
Кез келген мұғалім, кез келген технологияны қолдана алуы мүмкін емес, ол оның жұмыс тәжірибесіне, педагогикалық шеберлігіне, педагогикалық үрдістің әдістемелік және материалды жабдықталу деңгейіне де байланысты.
Сондықтан, нақты технологияны сипаттағанда немесе оқып зерттеген кезде оның басқа мектеп жағдайында жұмыс жасау мүмкіндіктерін, жарамдылығын ескеру қажет.
Сонымен педагогикалық технология дегеніміз – дидактика да , тәрбие теориясында немесе оқыту мен тәрбиелеудің әдістемесі де емес. Педагогикалық технологияның ерекшелігі- осы технология негізінде құрылған педагогикалық үрдіс белгіленген мақсатқа жетуді кепілдеуі шарт. Технологияның екінші ерекшелігі- (алгоритмизация). Бұл қасиет дидактикада, тәрбие мен оқыту теорияларда немесе әдістерінде кездескен емес.
Педагогикалық технологияның негізгі элементтері: педагогикалық қарым –қатынас, бағалау, талап, конфликт(келіспеушілік) және ақпараттық әсер ету.
Педагогикалық қарым –қатынас 3 функция атқарады:
баланың қарым –қатынаста «ашықтығы» - оған мектепте, сыныпта сабақта қолайлы жағдайлар туғызу көзделген;
педагогикалық қарым –қатынас балаға деген жанашырлық- мұғалімнің баламен тығыз іс- әрекет нәтижесінде туындайды;
педагогикалық қарым –қатынас баланы көтермелеу саясаты (стимул жасау).
Педагогикалық бағалау дегеніміз- баланың тұтас жеке тұлғасын емес, оның дәл осы сәттегі мінез- құлқын бағалау. Жалпы бағалау дегеніміз, барлық нәрсенің деңгейін, қасиетін, дәрежесін белгілеу. Осы принциптерді педагогикалық бағалауда өз жұмысында шеберлікпен қолдана отырып педагог өз шәкірттері бойында құндылық қарым- қатынастарды қалыптастырады және кемшіліктерді түзетеді [39].
Педагогикалық бағалау функцияларына- баланың қоршаған дүниеге деген жағымды көзқарасын тәрбиелеп, осы жолдағы ұмтылыстарын қолпаштап отыру т. б. жатады. Бұл істе әр баланың өз алдына қайталанбас ерекше тұлға
екенін үнемі есте ұстау қажет. Педагогикалық бағалаулардың түрлері- қолпаштау, қолдау, қолдамау, мақтау, материалды қолдау, жазалау, ескерту жасау сөгу т. б.
Болашақ оқытушылардың педагогикалық шеберлігін қалыптастырудағы кейбір мәселелер.Педагогикалық іс- әрекет профессионалдық әр түрлі деңгейде жүзеге асып, түрлі нәтиже береді. Әрбір оқытушы кәсіби өсуге және педагогикалық шеберлікке ұмытылады. Педагогикалық шеберлікті игеру студенттік кезден басталады.Қандай да бір істі өзінің нақты деңгейіне жеткізіп атқару үшін шеберлік керек.
Атақты педагог- ғалым В. Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық- бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым- шытырығы мол жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады»- деп ұстаздық өнерге ерекше баға берсе, қазақ ағартушысы Ы. Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі» дегені бекер айтылған сөз емес.
Педагогикалық істегі кәсіби біліктіліктің құрлымы мен болмысы шеберлікпен ғана ұштасып жататын тәуелсіз, дербес категория ретінде сараланады. Сондықтан, кәсіби шеберлік – бұл тұлғаның интеграцияланған тұтас қасиеттерінің сапалық жиынтығы.Ол кез- келген сапа көрсеткіші секілді, тек қана іс- әрекет үрдісінде ғана қалыптасады, демек аталған үрдіс- іс- әрекеттің, тәжірибелік қызметтің нәтижесі болмақ [38,40].
Мұғалімнің кәсіптік дәрежесін арттырудың жолдарын қарастыратын әлемдік педагогикалық ойларды жинақтай келе ғалым Ш. Таубаева мынадай қорытынды жасаған: «Кәсіптік қызығушылық педагогикалық қызметте бағдарлауда, білуге деген қажеттіліктен туындайды, ал ол жоғары кәсіптік қажеттілікке тек мұғалімнің жеке өз басының ұмытылуы арқылы ғана айнала алады». Демек, мектеп мұғалімдерге мынандай әдістемелік талаптар қойылады.
Педагогикалық және психологиялық деңгейін көтеру.
Оқыту мен тәрбиелеудің ең соңғы қазіргі технологияларды әдістемелерді және тәсілдерді зеріттеп, меңгеру және оны өзінің кәсіптік жұмысында қолдана білу.
Мұғалімнің педагогикалық- кәсіптік оң көз- қарасынан және құндылықтарының қалыптасуы, оның тұрақтылығына көру.
Өз білімін көсетуге, шығармашылық жұмыс атқаруға ынталандыру, қажетті жағдайлар туғызу, педагогтерді ақпараттық жағынан қамтамасыз ету.
Оқушылар табыстарын мониторингілеу және оны диагностикалаудың қазіргі тәсілдерін меңгеріп қолдана білу.
Авторлық бағдарламалар, курстар,құралдар, мақалалық ізденістер жасауға ұмтылдыру, қызықтыру, ынталандыру және ондай мұғалімдерге жан- жақты қолдану көрсету.
Педагогтар жұмысында еңбекті ғылыми ұйымдастыруды әр мұғалімнің күнделікті ісіне енгізу.
Мұндай міндеттер, әрине барлық мектептерде қойылып, шешіліп жатады. Сондықтан біз, ең алдымен, мұғалімнің кәсіптік қызметінің құрамдас бөліктерін атап өтелік.
Біліктілігін көтеру (курстар, семинарлар, т. б.).
Кәсіптік табыстары рейтингісінің жылдар бойынша өсуі.
Әдістемелік жұмыстары.
Кәсіптік жаңашылдық қызметі.
Кәсіптік тұлғасы: негізгі мәселені анықтай алуы,жобалар құра білуі, өз қызметі бойынша есептер, мақалалар жаза алу, төзімділігі, адами – рухани, психологиялық сапалары, қарым- қатынас шеберлігі, т. б.
Пән бойынша сыныптан тыс жұмыстары.
Қоғамдық педагогикалық қызметі.
Бұлар әр мұғалімнің нақты әрі нәтижелі жұмыс істеуіне жетекші бола алады. Демек, мұғалімнен жасанды қабілеттілік емес, нақты кәсіптік еңбектің міндеті атқарылуы талап етіледі. Педагогикалық технодогияның басты сипаты да, міне, осы.
Ұстаздық жолды ұстанған тұлға үшін педагогикалық шеберлікті жетілдіру негізгі мақсат болып саналады. Өйткені мұғалімнің шеберлігі шәкіртті қалай, қалайша оқыту үшін оның психологиясын білу ; екінші жағынан, оқытып- тәрбиелеудің әдіс- тәсілдерін, жолдарын терең білу және оны қолдана білу мен астасып жатқан мәселе. Тәжірибеде осы талаптарға сай мұғалімдердің шеберлігі қалыптасып жетіледі.
Педагогикалық шеберліктің негізгі балалардың өз еркімен дамуына жол ашу, оқу – тәрбие процесінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастықта жұмыс атқарудың формаларын, әдістерін дамыту, шәкіртке деген қамқорлық пен сүйіспеншілікті атқару, жұмыс әдіс- тәсілдерін жаңаша жандандыра түсу педагогикалық шеберліктерінің басты сипаты болып табылады.
Педагогикалық іс- әрекеттегі гуманистік бағыттылық- мұғалімдердің оқушыларға адамгершілік- ізгілік қарым – қатынас орнату жағынан жетіле түсіун қажет етеді. Гуманистік бағыттылық жүйесі- педагогтардың шәкіттермен ынтымақтастық, демократтық бағыттағы ізгілік – адамгершілік, сүйіспеншілік қатынас орнату стратегиясы мен тактикасының болуы қажет етеді. Ұлы жазушы, педагог Л. Н. Толстой былай деген болатын «Егер мұғалім өзінің балаларға сүйіспеншілігін » педагогикалық іс- әрекетпен жалғастыра білсе, ол- жетілген мұғалім». Педагогикалық іс- әрекеттегі бағыттылық әр жақты ұстаным десек, олар мыналар: өзін шебер педагог ретінде танып білу; педагогикалық әсердің ықпалды болуы; балаларға деген сүйіспеншілік, ынтымақтастық бейімділігі, сондай- ақ педагогикалық іс- әрекет мақсатының, ізгіліктілік стратегиясының тактикасының болуы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні- орта мектепте педагогикалық деонтологияның «Оқушының тән саулығына, жан саулығына зиян келтірмей
әсер ету» ұстанымның ескерілмеуі.
Соның себебінен балалар психологиялық дискомфортта өмір сүреді. Ал психологиялық дискомфорт балаларды:
психисоматикалық сырқаттарға әкеліп соғатын белгілі фактор;
ынжық, ұрысқақ, жасық, жалқау болуына себепші;
туберкулездің кең тарауына, нашақорлық пен маскүнемдік мәселелерінің күннен- күнге нығайуына жол ашар амалы;
психикалық шыдамдығын төмендетіп, интеллектуалдық мүмкіндіктерін азайтып, эмоционалдық топастыққа ұшырататын айғақ деп анықтадық.
Бұл негативті салдардан қалай айырыламыз деген ізденіс жолында педагогикалық қызметтің төмендегідей өзіндік ерекшеліктері айқындалды:
Біріншісі, педагог қызмет ету барысында басқа адамға (оқушыға дейік) не жақсы, не жаман, не пайдалы, не зиянды әсер етіп отырғанын анықтау жауапкершілігін өзіне алады.
Педагогикалық деонтологияда пайда болатын негізгі мәселе- осы жауапкершіліктің шектерін, яғни педагогикалық кірісудің шектерін белгілеу. Мысалы, дәрігерлік әдепте (этикада) медициналық араласуға науқастың ресми (құжатты) келісімін алу нормалары бар. Егер науқастың ойлау қабілеті шектеулі болса, мұндай келісімді туысқандары немесе басқа жақын адамдары береді. Ал мектептегі, әсіресе мектепке дейінгі жастағы баланы жауапты шешім қабылдау тұрғысынан түсіну қабілеті үнемі шектеулі. Дегенмен де осы жерде педагогикалық ықпал мен медициналық әсердің ұқсастығы шектеледі, өйткені педагогикалық ықпал бір бағытты сипатта болмайды, әрдайым, үнемі, баланың мектептегі барлық жақтарына араласумен теңеседі. Мұғалім әрбір дауыс көтеруге, тыйым салуға немесе мақтауға, басқа да ұсақ әрекеттеріне ата- аналардың келісімін сұрау мүмкін емес. Бірақ мұндай әсер етулердің нәтижесі ескерілмейтіндей шамалы ғана болмайды. Міне, осындай педагогикалық дентологяның негізгі қағидасы шығады: егер мұғалімнің шешім қабылдауда бостандығы шексіз болса, онда оның қабылдаған шешімдеріне жауапкершілік мөлшері одан әрі жоғары болуы керек.
Екінші ерекшелігі, педагогтың көп әрекеттерін сырттан ешкім бақылай алмайды, көбінесе олар өздерінің іс- әрекетіне өздері ғана бағалаушы бола алады. Сондықтан ұстаздың моральдық барометрі- педагогикалық парыздылық ары болу керек.
Үшінші мұғалім еңбегінің ерекшелігі – оның нәтижелері кейінгі уақытқа ысырылып тасталғандай бірден көріне қоймайды. Педагогикалық қателердің, біліксіз педагогикалық ықпалдардың жазасын баланың өзі және оның жақындарын бірнеше жылдан кейін, ересек болған кезде көріп жатады.
Төртінші мұғалім қызметінің ерекшелігі, оның қолында нәтиже өлшеуші жоқ. Мұғалім көптеген нақты жағдайда қас қағым уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білу тиіс. Сонымен қатар, баланың даму жолы соншалықты күрделі, өте көп факторлы болғандықтан жеке педагогикалық әсер мен жеке тұлға дамуының нақты мөлшері арасындағы себеп- салдар байланысын анықтау оңайға соқпайды.
Сондықтан тәрбиешінің бойында бала тұлғасының дамуына ол қай кезде жақсылық, ал қай кезде жамандық жасауға бейімді болып тұрғанын анықтау мүмкіншілігінің болуы міндетті. Мұнда оның басшылыққа алатын негізгі құндылығы- жеке тұлғаның ізгілікті қасиеттерін дамуына жәрдемдесу құндылығы болу керек. Осыған орай педагогикалық қызмет нормаларын әділет саласынан гөрі педагогикалық деонтология призмасынан қарастыру мәнді деп қорыттық.
Осының барлығын ескеріп, іске асыру үшін болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру қажет деп санаймыз.Дентология ұғымы күні бүгінге дейін педагогикалық тұрғыдан қарастырылмаған, педагогикалық қызмет аясында қолдануын таппаған моральдық ұғым болғандықтан, оның педагогика ғылымындағы алатын орнын дұрыс талдып түсіндіру және педагог мамандығы бойынша кәсіптік білім берудің теориясы мен методикасында қолдану тетігін ашу- заман талабы.