Аманжолова Назым Сергалиевна\
І (ілгері) деңгей биология пәнінің мұғалімі
Зерттеу жұмысының тақырыбы:
Биология пәнінде оқушылардың білім сапасын арттыруда
аймақтық экологиялық компоненттердіпайдаланудың тиімділігі.
Секция: Мұғалімнің жұмыс тәжірибесіндегі аймақтық экологиялық мәселелер
Өскемен қаласы
2017 жыл.
Аманжолова Назым Сергалиевна
Ш.Қ.О Зайсан ауданы Айнабұлақ орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі
Аннотация.
Биология пәні бойынша өңіріміздің өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеп, оқушыларды шығармашылыққа баули отырып,оларға теориялық білім бере отырып, оны практикамен ұштастыруға үйрету.
Зерттеу жұмысының тақырыбы: Биология пәнінде оқушылардың білім сапасын арттыруда аймақтық экологиялық компоненттерді пайдаланудың тиімділігі.
Зерттеу жұмысының өзекті тақырыбы : Биология сабақтарында оқушыларға өңіріміздегі табиғатты, өсімдіктер дүниесі, жануарлар дүниесі және қоршаған ортадағы қорықшаларды қорғау бойынша экологиялық білім және тәрбие беріп, жеке тұлғаның танымдық қасиеттерін дамыта отырып, оқушыларды шығармашылыққа баулу.
Тақырыптың өзектілігі:Туған өлкемнің табиғатын жан- жақты зерттей келе, адамзат қажетіне ұқыпты пайдаланып, құрып бара жатқан түрлерін қалпына келтіру және қорғау қазіргі кезде аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр.Қазақстан Респуликасының 1997 жылғы 15 шілдеде қабылданған №160 «Қоршаған ортаны қорғау туралы заңында: «Табиғат пен оның байлықтары Қазақстан республикасының халықтарының өмірі мен әл- ауқатын арттырудың табиғи негізі болып табылады. Осы заң қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделері үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілейді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамассыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтің табиғи экологиялық жүйелерге зиянды жерін болғызбауға ,биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған» -деп көрсеткенін ескерсек табиғат байлықтарын пайдалану үрдісі жабайы флораны, фаунаны қоршаған ортаны зерттеуді қажет етеді. Өзіміз тұрған аймақтардағы қорықшаларды қорғауды талап ететін жерлердегі қорғауға, аялауға үйрету, тәрбиелеу.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:
Қоғамның дарынды оқушыларға деген қажеттілігін қанағаттандыру талабы оқыту, білім беру жүйесінің алдына баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндетін қойып отыр.Осындай шығармашылық қасиетті адам баласының бойына қалыптастыра отырып қорғауды талап ететін жерлерді ерекше қарап , қорғауға алуда оқытудың берері мол.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстардағы табиғатты қорғау, ондағы ерекше қорғалатын аймақтардағы айыра білу керек. Өлкетану жеке ғылым емес,ол тәрбиелеу әдісі, туған өлкесі, адамның өте тығыз байланысы деуімізге болады. Ол жергілікті табиғат пен адам әрекетін оқып үйрену . Мектепте қоршаған ортаны қорғау , ерекше қорғалатын аймақтардағы тіршілік көздері мен табиғи ресурстарды анықтау, табиғат пен адам әрекетін оқытып үйренуге көп көңіл бөлемін. Мектептегі пәндер баланы табиғатқа жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қараймын. Ал өз өлкесін тану үшін оның тарихын білу керек.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы:
Биология сабақтарында «Зайсантану» курсының бағдарламасы құрастырылды. Танымдық іс- әрекеттерін белгілі тәсілдерін іске асыру.Аймақтық компонент бойынша оқушыларға қоршаған орта туралы біліміі ұдайы кеңейтіп, пәнге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық белсенділігін дамыту. Оқушылардың практикалық іс-қабілетін дамыту және оны өміршең етуге бейімдеу, жергілікті жердің және аймағымыздың экологиялық проблемаларын шешудегі жеке басының жауапкершілігін қалыптастыру.Зайсан өңірінде кездесетін ерекше қорғалатын аймақтарға жете мән беру.
Негізгі зерттеу жұмысы
Зайсан өңірінде ерекше қорғалатын аймақтарды 1978 жылы қорықшаларға жатқызды. Кейіннен олар жай ғана қорғалатын аймақ болды. «Қаратал құм, Маңырақ, Бестерек» қорықшаларының ерекше қорғалатын аймақ екенін , бірақ қазіргі кезде нағыз аталған қорықшалар болмағандықтан, сол жергілікті жердің халқы сол жерлерді ерекше қорғайды. Осы ерекше қорғалатын аймақтар арқылы көптеген зерттеу, іздену жұмыстарын жүргіздім. Зайсан өңірі табиғи ресурстарға өте бай. Зайсанда тас көмір мұнай өнімдері, шипалы су, емдік балшық, жоса, өсімдіктер. жануарлар дүниесіне өте бай.Зерттеу жұмыстарының көптігіне қарамастан кең байтақ Қазақстанның жабайы табиғаттың пайдалы өсімдіктері әлі толық зерттеле қойған жоқ.Зайсан ауданының физикалық-географиялық сипаттамасына келсек,Зайсан Ш.Қ.О-ның әкімшілік ауданы.Шыңдары көкпен астасқан Сауыр- Сайқан,Алтай,Маңырақ таулары орналасқан.Зайсан қазан шұңқырын әдейлеп айқыштап, қол ұстасып әйгөйлек биін билегендей.Құз жартастарда, жоталарда, ортеке арқарлар жосылады. Ормандарда бұлбұл сайрап,шыңдарында бүркіт ұялайды, сұңқар самғайды. Зайсан ауданына ең жақын орналасқан ауыл- Айнабұлақ.Бұл негізгі зерттеу обьектісі болып отырған аймақ. Қазіргі тұрғындар саны 3000-ға жуық. Егістік көлемі 550 шаршы шақырым. Топырағы сортаң сары .
Жануарлар әлеміне келсек Зайсан өңірі жануарлар әлеміне өте бай. Осы өңірдің балықтар, қосмкенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілері бойынша кейбір мәліметтерді зерттедім.
Класы | Жер шарында тараған | Қазақс-танда | Ш Қ О | Зай-санда | Қазақстанның қызыл кітабына тіркелген түрлерінің саны | Зайсанда кезде-сетін түрі |
Балық | 20 000 | 104 | 36 | 26 | 12 | 6 |
Қосмекенділер | 4 000 | 12 | 5 | 3 | 3 | 1 |
Жорғалаушылар | 8 000 | 49-51 | 17 | 12 | кесірткенің-6 жыланның-4 | 1 |
Құстар | 8600-9000 | 490 | 375 | 135 | 56 | 15 |
Сүтқоректілер | 4500-5000 | 178 | 109 | 55 | 40 | 10 |
Зайсан өңірінде кездесетін жануарлар туралы сипаттама жазылып, олардың Қызыл кітапқа кірген түрлері анықталып, жергілікті жердіңҚызыл кітапқа кірген өсімдіктері мен жануарлары туралы альбом жасалып жинақталды.Оқушыларымыз «Айнабұлақ ауылындағы ерте көктемдегі флорасы, Айнабұлақ ауылының екпе ағаштар экологиясы, Теректі өңіріндегі өсімдіктер және жануарлар дүниесі,Айнабұлақ ауылының экологиясы» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми зерттеу конференцияларында бірнеше рет жүлделі орындар алды. Осы жануарларды сақтау, қорғау жұмыстары жүргізіліп мектебімізде «Тіршілік» бұрышын ұйымдастырдық.Онда бөлме өсімдіктерін бақылап, зерттеу жұмысын жүргіздік.Өңірімізде өсетін дәрілік өсімдіктер зерттеліп, мектеп үлескесіне бірнеше түрлері жерсіндіріліп, бақылау жасап, зерттеу жүргіздік. Биология сабақтарында қоршаған орта және пайдалы қазба байлықтары, шипалы сулары, емдік балшық туралы деректер жинақталды. Жергілікті жердің демографиялық даму үрдісі, халықтың әлеуметтік құрылымы, мал шаруашылығы, мал санының аудан бойынша салыстырмалы көрсеткіштері , егістік көлемі, көмір туралы толық деректер, мұнай өнімдері зерттелді.
Зерттеу жұмысымды қорытындылай келе Зайсан өңірінің фаунасы, флорасы қазба байлықтары, орман алқаптары, суы, топырағы, ауасы зерттелді. Оқушыларға жеке танымдық қасиетін қалыптастыра отырып,и оларға экологиялық білім және тәрбие жұмыстары жүргізілді. Зайсантану курсы бойынша 6-7 сыныптарындағы таңдау сабақтарында зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, танымдық қасиеттерін қалыптастырдық. Мектептегі «Жас эколог» үйірмесінде , «Жасыл сақшылар» топ мүшелерімен бірге «Тіршілік бұрышының» жұмысын жандандыра отырып, жергілікті жердің табиғатын қорғау, «Таза су» бағдарламасының орындалуы, мектеп үлескесінде топырақтың құрамы зерттеліп, эрозия болдырмас үшін шаралар жасалды. Табиғи және тұрмыстық қоқыстан тазалау мәселесі мектеп ауласын қашау, гүлдерді рәсімдеу, жұмыстары атқарылды. Мектеп ауласын, ауыл көшелерін көгалдандыру «Бір тал кессең, он тал ек.» деген ұғымды ұстанып, үйлерінің маңайына ағаш егу, өз аймақтарының экологиялық апат аймағынан сақтандыру үшін үлкен жұмыстар жүргізілді.
Зайсан ауданының жер бедері өзінің күрделілігімен және сан алуандығымен қызықты. Зайсан ойпаты Сауыр- Тарбағатай мен Алтай тауының арасында орналасқан. Ол солтүстік батыстан, оңтүстік шығысқа қарай Қазақстан жерінде ғана 250 км созылып жатыр,ені-75-150 км. Жалпы аумағы 40 мың км2 Ойпаттың жер бетінің биіктігі таулар бөктерінен 700-900 метр орталығына қарай 400-500 метрге төмендейді. Ойпаттың ортасында Зайсан көлі орналасқан. Оған оңтүстігі Тарбағатай мен Сауыр, солтүстігі Күршім мен Нарын тауларынан бірнеше кішігірім өзен, ал Қытай жағынан қара Ертіс өзені басталып ағып шығады. Қара Ертістің арнасында Бұқтырма бөгеті жасалған. Сауыр- Тарбағатай тау жүйесінің ең биік жотасы- Сауыр тауы жатыр. Олардың ең биік жері Мұзтау(3805м) Қазақстан жеріне оның тек солтүстік бөлігі ғана кіреді. Зайсан жері –мұнайға , көмірге, жанғыш тақтатасқа, әктасқа құрылысқа жарамды әкке, құм мен топыраққа, жасыл орманға бай. Кендірлік кен орны облыс аумағындағы ең ірі көмірлі, тақтатасты аудан. Мұнай кен орындарында мұнай қорын жұмыстары 1982 жылдан басталған. «Стибнефтегеофизика» өнеркәсіп мекемесі ұңғылау жұмыстарын Уфа қаласының «Башнефть» өнеркәсіп мекемелері Зайсан көлі маңайында «Сары-бұлақ» учаскесінде жүргізді.,2002 жылы румын фирмасы «Фародекс» мұнай қорын бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Қазіргі кезде артық мұнай қорын іздеп келе жатқан фирма Абіжанов Қуаттың басқаруымен жергілікті жердегі «Кен- Шығыс» кәсіпорыны айналасуда. Зайсан ауданының климаты шұғыл континентті. Климаттың континенттілігі температураның тез өзгеруімен, ауаның құрғақтылығымен, өте аз жауын- шашын мөлшерімен анықталады. Зайсан ауданында қорғауға алынып, Қызыл кітапқа кірген жорғалаушылардан- қара шұбаржылан; Құстардан: дуадақ, ақбас тырна, қарабауыр бұлдырық, лашын, ителгі, бүркіт, құр, сұр шіл, кекілік, үкі, ләйлік, қу тұмсық қаз. Сүтқоректілерден: арқар, қоян, суыр, елік, тас сусары, қызыл қасқыр, барыс, камшат, жайра,дала мысығы, сары тышқан( желтая пеструшка), тас мысығы мекендейді. Жергілікті жердің балығына келсек Зайсан көлінде балықтың 25 түрі және минога бар . 17 түрлі балық әкелініп көлге жіберілді.
Зайсан өңірінің қорғауға алынған аймақтарда сиреп бара жатқан түрлерді қорғау, аялауға үнемдеуге байланысты көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді 10 сынып оқушысы Жақұпбаева Айгерім, . «Зайсанның шипалы сулары» деген ғылыми –жоба зерттеу жұмысын жүргізіп ,ауданда ІІ- орын алды..
Зайсан ауданындағы рекреациялық ауданға жатқызғалы отырған аймағымыз Арасан- Талды минералды суы. Арасан- Талды минералды суын жан- жақты толық зерттеп, болашақ үлкен демалыс орнына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Арасан – Талды минерал суының қасиеті де өте жоғары. 50-60 жылдық қоры бар Арасан- Талды суын көркейтіп пайдалануға болады. Көркейту шаралары төмендегідей:
-Ұңғыма суларын, тұзды топырағын емдеу жолында демалыс үйін орнатып, емдік бағытта пайдалану;
-Ыстық суын(52) Қыс айларында жылу ретінде пайдалануға болады;
-Қысы- жазы шомылатын бассейін орнын ашуға болады;
-Қысы- жазы жеміс- жидек өсіретін жылыжай салып аудан халқын жеміс – жидекпен қамтамассыз етуге болады;
-Маңайын жасыл желектендіруді қажет етеді;
-Үнемі құбыр арқылы ағып жатқан суларды тоқтатып, қажетті уақытта алатындай етіп кран орнату. (Бұл су қорын молайтуға көмектеседі). Арасан- Талды суымен емделудің екі түрлі жолы бар.Біріншісі, минералды сумен емдейтін,екіншісі шипалы балшықпен емдейтін бөлімдері бар. Зайсан Артезан алабы- Алтай, Тарбағатай, Сауыр, Қалба жоталарында ауданы 30 мың км- дей тауаралық қазаншұңқырларды қамтитын жер асты суы бар жер.
Аудан жерінде Зайсан көліне құятын Қара ертіс, Ақсу, Кендірлік, Теректі, Темірсу, Жеменей, Үйдене өзендері бар. Олардың бастылары Сарыкөл, Сармөнек, Тұздыкөл. Зайсан көліне келсек, көлемі жағынан Қазақстанда ІҮ орында. Ұзындығы 111 км, ені-27 км, ауданы-1870 км- ге созылған, тереңдігі-10-12 м, Зайсан көлінде балықтың 25 және минога түрі кездеседі, оның17-і кәсіптік балықтар. Көлде ақ балық, таймен, ақ қайраң, сазан, шортан, ілеш ауланады. Көлде ондатр жерсіндірілген.қызыл кітапқа кірген жан- жануарлар, өсімдіктерден шылым өсімдігін бар. Құстардан ақ бас тырна, қу тұмсық қазды кездестіруімізге болады.
Зайсан ауданы орманның жалпы алып жатқан жер көлемі-88813 шаршы км, оның ішінде-28805 га табиғи орман, 858 га қолдан отырғызылып өсірілген орман, шабындық жері-598 га , жайылымы-3433 га, және т.б жерлер. Зайсан орман алқабы Зайсан және Қаратал деген екі орман шаруашылығынан тұрады. «Қаратал құм» қорықшасы, «Маңырақ» қорықшасы Тарбағатай тауында, «Бестерек» қорықшасы Кендірлік ауылына қарайды.
«Қаратал құм» қорықшасы бойынша зерттеу жұмысын жүргізілді.9сынып оқушысы Мұқанова Ботакөз «Қаратал құм»қорықшасы бойынша зерттеу жұмысы қорғалып І орынмен марапапатталды.
«Қаратал құм» қорықшасындағы экологияны қорғау жұмыстары жүргізілді. Кей кездерде осы жерді көруге келген халықтың әр түрлі жағдайдың туындауынан өрт жағдайы, шырғанақтың көшеттерін алу кезінде ысыраптап кетуі, табиғаттың сұрапыл жағдайларынан сиреп бара жатқан түрлердің азаюына әкеп соғады. Қорықшаның алдыңғы жағына өздерін қорықшаның ішінде қалай ұстаулары жайында түсіндермелер жазып қойдық.
Зайсан ауданы аймағында ерекше қорғалатын табиғи аумаққа табиғи- ботаникалық «Қаратал құм» қорықшасы жатады. Ол ҚССР Министрлер Советінің 06.04. 1978 жылы №116 қаулысына сәйкес құрылған. Аталған қорық Зайсан ауданының мемлекеттік орман шаруашылық мекемесінің Қаратал орман шаруашылығына ауқымы 1300 гектар жерді алады. Аталған қорықтың негізгі мақсаты - ол жерде негізінен шырғанақ және сексеуіл өсімдігі өсетін болғандықтан шырғанақ пен сексеуілді қорғау. «Қаратал құм» қорықшасында сексеуіл және шырғанақ қорғауға алынған.
Қорық аймағына кіруге азаматтарға рұқсат жоқ., өйткені ол аймақ ҚХР- на өтетін шекараға жақын тұруына байланысты жүйенің ар жағында орналасқан , оған тек сонда істейтін жұмысшылар әскери бөлімнен алған рұқсатпен өтеді.Ерекше қорғалатын аумақ шекаралық аймақ режиміне кіретін болғандықтан, ол жерде тәртіп қатаң сақталады. Қызыл кітапқа кірген жорғалаушы: қара шұбаржылан,құстардан: дуадақ, лашын , ителгі ләйлік, құр, бүркіт, кеклік, қу тұмсық қаз , сүтқоректілерден: қоян, түлкі, тас сусары, дала мысығы мекендейді.
Зайсан ауданында ағаш өнімдерін өңдеумен бір ғана мекеме айналысады. «Зайсан қарағай» ЖШС заңды тұлға болып ШҚО әділет басқармасында 26.09. 2001 жылы №13170-1917- ЖШС санмен тіркелген. Олар:
-орман өрттерін өшіруге;
-орманда әртүрлі ағаш кесу жұмыстарын жүргізу, кесіліп алған ағашты өңдеп өткізу.
Зайсан ауданының мемлекеттік орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі тарапынан «Зайсан қарағай» ЖШС –нің атқаратын қызметтері сан алуан .Олар кесілген ағаштың орнын келтіру үшін, қайтадан ағаш егу жұмыстарын жүргізеді. Былтырғы жылы Қаратал орманшылығына қарасты Қара- Ертіс бөлімшесінде 27..3 гектар алқапқа орман ағаштары егілді,18.3 гектар орман ағашы өспеген 9 гектар жер өртенген, екіншісі – Алпар бөлімшесінде 25.8 гектар алқап орман учаскесіне ағаш отырылғызды.
« Маңырақ» қорықшасы бойынша зерттеу жұмысын 10 сынып оқушысы Қабылханова Мөлдір «Маңырақ қорықшасы» бойынша зерттеу жұмысын қорғап І орынды иеленді...
«Маңырақ» қорықшасы -Сауыр жотасының батысындағы аласа тау массиві. Биік жері шөрбас тауы- 2035м. Өсімдік , жануарлар дүниесіне бай. Тау етегіде шөлейтте жусанды бетеге , бұта, тау аралық аңғарда тау шалғыны және жабайы алма, тобылғы, арша, шырғанақ, солтүстік беткейлерде тал басым. Жоғары бөлігінде алып шалғыны- жазғы мал жайылым. Осы жерде кездесетін қызыл кітапқа кірген өсімдіктер- түпті жуа, мақсыр, Попов дембеті, Зайсан лақсасы, таушымылдықтар,
таңдамалы шоқпарбас, ашық құндызшөп, Алтай рауғашы кездеседі.Марал , қызыл қасқыр, тау ешкісі, арқар, қасқыр, аю, түлкі, борсық, қарсақ, суыр мекендейді. Құстарға келсек жыртқыш құстар қаршыға, қырғи , лашын, сұңқар, тұйғын, ителгі,үкі, жапалақ, күйкентай сияқты сиреп бара жатқани құстарды қызыл кітапқа кіргендер қатарына жатқызамыз. Жорғалаушылардан кесіртке, кәдімгі сұр жылан, дала сұр жыланы, оқ жыландар кездеседі. Өкпеті тау жотасы, Ақшоқы биігі ,қызылтас шыңы; Қубас кезеңі, Қабанбай шаты, Бөгенбай шаты, Боранбай шаты; Жергілікті жер өзендері- Қарабұға, Базар, Боғас туралы айта аламыз. «Маңырақ» қорықшасының экологиялық жағдайы, оны қорғау жұмыстары жүргізілді. Оны өрттен сақтау, мал жайылымдарының орнына айналмайтындай «Абай болыңыздар, бұл жерлерде сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар бар» деген хабарламаларды әр жерлерден қадап қойдық. Халық демалып баратын жерлеріне де осындай жұмыстар жүргізілді. Олардың өздерінен кейін қалдықтарын жинап кетуін ескерттік.
Кендірлік ауылына қарайтын «Бестерек» қорықшасы. Қорықшаның экологиясы зерттеліп, жергілікті жерде мекендейтін кендірлік ауылының тұрғындарымен сұхбаттасып, Қызыл кітапқа кірген флорасы, фаунасы, көмір кен орындарын табиғи байлықтары туралы «Қарашоқы» деген кітапшалар апарып, ауыл тұрғындарына, мектеп оқушыларына таратылып, қорғауға алынған деректер бойынша қабырға газеттерімен таныстырдық.Кендірлік кен орындарында көмір және тақтатас қорлары бар. Мұнда да орман ағаштары өсірілген.Қызыл кітапқа кірген таушымылдық, алтын тамыр , Попов дембеті,Зайсан лақсасы, таңдамалы шоқпарбас, ашық құндызшөп, Алтай рауғашы, дарагүл, алакүлте өсімдіктерін кездестіреміз.Осы қорықшада таулық, далалық, өсімдіктер өседі. Жабайы жануарлар арқар,құндыз, суыр, елік, түлкі қоян, ақ тышқан, тау ешкі мекендейді.Құстардан: құр, ұлар, кеклік, жапалақ, үкі, қаз, үйрек кездеседі.
Зайсан ауданының жергілікті жерде кездесетін флорасы бойынша «Айнабұлақ ауылының ерте көктемдегі флорасы» тақырыбында жергілікті жер өсімдіктерін зерттеп, оның қызыл кітапқа кіретін түрі Айнабұлақ бойынша Теректі өзенінің бойындағы, Сауыр тауларымен шектесіп жатқан жерлерінде 7 өсімдіктің Қызыл кітапқа кіргенін анықтадым. Олар шырғанақ, селеу, тобылғы, жуа, долана, таушымылдық, рауағаш. Азайып кеткен түрлерді анықтап , қорғау қажет.Зерттеу жұмыстары таңдау сабақтарында, «Жас эколог» үйірмесінде, «Тіршілік» бұрышында зерттеу нәтижесінде алынды.
Зерттелген қорықшалар табиғат байлықтарының бастапқы табиғи қалпында келешек ұрпақтар игілігі үшін сақтайтын ғылыми- зерттеу орталығы. Адам табиғатсыз тіршілік ете алмайды. Табиғат адамды қайырымды, сұлу жанды етіп тәрбиелейді.экология мәселесі барша жұртты алаңдатып отырған шақта мектеп қабырғасынан оқушылар жүрегіне ізгілік ұялатып, табиғатқа , туған жеріне сүйіспеншілігін арттыра беру ұстаздық парызымыз. Өткізген сабақтарымызды экологиямен байланыстырып, қоршаған орта байлықтарын қайта қалпына келтірумен байланыстырсақ, табиғаттың ортақ қазына екенін қосымша білім мен білік көздері арқылы дәріптей білсек,болашағымыз- бүгінгі ұрпақтарымыз елін, жерін қорғайтын жақсы азамат болары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.К.Б.Искакова.. Зайсан ауданының географиясы. Өскемен. 2002 жыл.
2.Б. Жапаров.Б.Құдабаев. Зайсан асулары. Алматы.1998 жыл.
3.Ж.Әбиев. Қорықтар. Алматы.1965 жыл.
4. «Достық» Зайсан ауданының аудандық газеттерінен алынған мәліметтер.1978-2006 жылдар аралығы.
5.Экология және табиғат қорғау. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. «Мектеп» ААҚ 2002 жыл
6.Вахрамеева М.Г. Павлов В.Н Растения красной книги СССР. Москва. 1998 г.
7.Е.Ф.Степанова Растительностьи флора хребта Тарбагатай. Алма- Ата.1964г.
8.А.Ф. Ковшарь Серия . Животные Казахстана. Алматы.2006г.
9. Р.Жүнісова Биологияда жергілікті жер материалдарын пайдалану.Алматы 1984жыл.
10.Биология және салауаттану . Ғылыми- әдістемелік журнал.2004-2008жылдар.