Т. Шаханов атындағы №3 орта мектебі
Орындаған: Алдебекова Л.К.
«Тілашар» мерекесі
Мақсаты: Алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді білім алуға,оқуға шақыру.
Ұлттық дәстүр «Тілашар» тойы арқылы оқуға ынтасын арттыру,мектепке деген
сүйіспеншілігін ояту. Қоршаған дүниені танып білуге жетелеу.
Сахна мәдениетіне тәрбиелеу.
Көрнекілігі: шарлар, нақыл сөздер, тақырып жазылған плакат, слайд, фото-шоу
Барысы:
Мұғалім: Армысыздар қымбатты балалар, ардақты ата-аналар және қадірлі ұстаздар! Міне, бүгін сіздер кеше ғана білім баспалдағына алғаш рет қадам басқан, бүгінгі 1-сынып оқушыларының мерекесіне жиналып, «Тілашар» тойының куәгері болып отырсыздар Ендеше, бүлдіршіндеріміздің білім жолына аттаған қадамдарына сәт-сапар тілей отырып, бүгінгі мереке иелерін ортаға шақырайық. Қарсы алыңыздар:
Дарынды дарабоз — Қыран
Ұшқыр ойлы — Толқын мен білімге құштар — Ансар
Ерке мінезді Наргүл мен ұтқыр да тапқыр – Алғатай
Жаны жомарт — Солтан мен талабы таудай — Жасұлан
Байсалды жан Санжар мен ақкөңілді Ардана
Жаны жайсаң – Жансая мен нәзік жанды – Сания
Асыл да аяулы Гулназ мен сымбатты Султанбек
Белсенді Бекзат пен пәк сезімді Дария
Ақ ниетті Нұрасыл мен алғыр да зерек Дана
Қайсар жанды Магеррам мен мейірімді жан Мерейім
Ұяң мінезді Нұрмұхаммед пен инабатты Инкар
Сания: Қуаныш бүгін мереке,
Шуағын шашып тұр әлем,
Тілашарға келген қуанып,
Бәрі бірге: Қонақтарға мың сәлем!
Мұғалім: Айналайын балалар,
Алдыңда Мектеп-Ана бар!
Өздеріңнен өседі,
Өнерлілер,даналар.
Өтті қызық көп күндер,
Жеті жасқа жеттіңдер.
Құтты болсын қадамың
Құтты болсын талабың
Мағжан атам айтқандай
Білім отын жаға біл.
Мұғалім: Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық,
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық. (Ортаға әже шығып, шашу шашады, батасын береді).
Әже: Өсті міне бойларың,
Өсті міне ойларың.
Қуанышқа жиналған
Құтты болсын тойларың.
Мұғалім: Шашу шашты әжелер,
Сылдырлатып теңгелер.
Тойымыздың шашуын,
Сәт сапарға теңгерер.
Санжар: Еркеңіздің мойнына,
Ақ жағасы жарасар.
Кел, келіңіз тойыма,
Тойымның аты – тілашар.
Султан: Таудай биік талабым,
Оттай лаулап жанамын.
Салт-санасын сақтаймын,
Дала менен қаланың,
Мен мектепке барамын.
Алғатай: Қолға кітап аламын,
Маржан сүзіп табамын.
Жарқыратып кеудеме,
Жұлдыз етіп тағамын.
Мен мектепке барамын.
Гүлназ: Мен оқушы баламын –
Оқып, білім аламын.
Мектеп-ұям, өзіңе
Арналады бал әнім.
Хор: «Қоңырау» әні.
Ардана: Мен тәртіпті баламын,
Түгел қағаз, қаламым.
Бір күн қалмай сабақтан,
Кілең «бестік» аламын.
Сания: Оқуды көп ойлаймыз,
Қызығына тоймаймыз.
Әріптерді үйреніп,
Өлең айтып, би билеп
Өнерден де қалмаймыз.
Мұғалім: «Қара жорға билемей, бидің сәні келер ме?» — деп жырламай ма әнде? Ендеше бүгінгі білім тойында «Қара жорға» билемейміз бе? Қошеметпен қол соғып, балаларды қарсы алайық!
Би: «Қаражорға», сынып оқушылары.
Көрініс көрсету: «Оқушының достары» ертегісі
Қатысатындар:
Автор-Жансая: Ерте,ертеде,ешкі жүні бөртеде Білім патшасында Мектеп сарайында Оқушы бала өмір сүріпті. Ол сабақ оқығысы келеді, бірақ ешқандай жазатын, оқитың құралы болмайды. Жылап келе жатса, алдынан қалам шығады:
Қалам-Жасұлан: Әй бала, сен неге жылап келе жатырсың?
Оқушы-Толқын: Менің сабақ оқығым келеді, бірақ менің ешқандай құралым жоқ. Соған жылап келемін.
Қалам-: Ендеше сен менімен дос бол, мен саған жазуды үйретемін. Әдемі жазу жазсаң, мен өте риза боламын.
Оқушы- : Жарайды екеуміз дос болайық, ал мен сені қайда жазамын?
Қалам-: Мені дәптерге жазады. Жүр, мен саған оқуға қажетті дәптер, қарындаш, өшіргіш, Әліппе деген достарды тауып кездестірейін.
Автор-: Екеуі достарды іздеп келе жатса, олардың барлығы алдарынан шыға келеді.
Оқушы-: Қалам, мына тұрғандар кімдер? Олар не үшін қажет? Менімен қайсысы дос бола алады ?
Дәптер-: Мен дәптермін. Маған жазу жазады. Мені оқушы таза ұстауы қажет. Менің бетімді жыртуға, сызуға, бояуға болмайды. Егер де әдемі, таза жазса, 5- тік деген баға алады.
Қарындаш-: Ал, менің атым — қарындаш. Менсіз ешбір оқушы геометриялық пішіндерді сыза алмайды.Сурет салу үшінде мені қолданады. Менімен дос болсаң, мен саған сызуды, бояуды үйретемін. Бірақ ескертемін — мені ұқыпты ұстамасаң мен ренжимін.
Әліппе-: Ал мен болсам — бар кітапқа бас болған Ғылым атасы -әліппемін. Мен саған 42 әріпті танытып, оқуға үйретемін. Егер де сен менің әріптерімді жаттап, жақсы оқысаң, озат оқушы атанасың.
Өшіргіш-: Менің атым – өшіргіш. Менің көмегім саған өте қажет. Өйткені сен қате сызсаң, шимайласаң мені қолданасың.
Қалам-: Оқушы, бұның барлығы сенімен дос бола алады. Біз сенің сабақты жақсы оқуыңа көмектесеміз. Тек сен біздің жаңағы айтып кеткен шарттарымызды орындайсың ба?
Оқушы-: Ия,ия шарттарыңды орындаймын. Менің сабақ оқығым келеді. Келіңдер, сендер менің достарым болыңдар.
Автор-: Сөйтіп оқушы өзіне қажетті оқу құралдарын тауып, барлығымен дос болып, Мектеп сарайындағы ең үлгілі, озат оқушы атанған екен.
Ән: «Мектебім» .
Қыран: Мектеп — үлкен бағдаршам.
Ұстаз — шырақ ұстаушы.
Екеуі де аңғарсақ,
Бағыт жолын нұсқаушы.
Наргүл:Еркесімін атамның,
Еркесімін анамның.
Толып биыл алтыға
Мен оқушы атандым.
Арқама сөмке асына
Мектепке барам асыға.
Ардана: Өсірді ой сананы
Тіл дамыту сабағы.
Жаңылмай айтып үйрендік
Жаңылтпаш, жұмбақ, мақалды.
«Кім тапқыр?» жұмбақ, логикалық есептер шешу, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар айту.
Көп-көп ине, көп ине,
Бір сабағы жоқ ине.
Іс тікпейді, әрине. /кірпі/
Мұрны пұшық, көзі қысық.
Өзі пысық , бұл не?…. /мысық/
Мекені көкте екі ару,
Бірін-бірі көруге зәру. / ай мен күн/
Өшірді, сүртті, өзгені құртты,
Өзін де құртты. /өшіргіш/
Көлден ұшты 3 аққу,
Қайтып қонды 2 аққу.
Қонбады оның нешеуі
Қане, кім тез табады? /1 аққу/
Далада тұр екі ешкі,
Қорада тұр үш ешкі.
Екі ешкі мен үш ешкі
Болады бәрі неше ешкі? /5 ешкі/
5 алманың екеуін
Досың сұрап алады.
Айтшы сонда нешеуі,
Өз қолыңда қалады? /3 алма/
Мақал-мәтелдер (жалғасын тап):
Бірі бәрі үшін, … (бәрі бірі үшін)
Ағасы бардың — … (жағасы бар),
Інісі бардың — … (тынысы бар),
Ырыс алды — … (ынтымақ) .
Әке — … (асқар тау).
Ас атасы — … (нан)
Ас — … (адамның арқауы)
Әкеге қарап ұл өсер, … (анаға қарап қыз өсер)
Мұғалім: Кел, көрейік ертегі,
Естіген жанды елтеді.
Талай ғажап оқиға,
Қызық сырын шертеді.
Ертегіні сахналау: «Үйшік» ертегісі
Қатысатын оқушылар: Алғатай-аю, Жансая-түлкі, Ардана-қоян, Ансар-тышқан,
Наргүл-қасқыр, Сания-бақа.
Алғатай: Мектеп деген жақсы екен
Қызығы мол думанды.
Жақсы көрем бәрінен,
Әдемілеп жазғанды.
Жеті жасқа жеткенім,
Еркеліктен кеткенім.
Кітабымды қолтықтап,
Мектебіме жеткенім.
Ардана-: Өмірімнің көктемін,
Сенде өткізем деп келдім,
Алтын ұям – мектебім!
Оқып ғылым-білімін,
Ой аламын деп келдім,
Оттан ыстық мектебім!
Жасұлан: Ойыншық қалды жайында,
Әріптер бөлді көңілді.
Тәбетім жоқ ойынға,
Сезінем үлкен өзімді.
Қуыршақты тастадым,
Уақыт жоқ қой ойынға.
Әріпті құрай бастадым,
Сөздерді тізіп қоюға.
Наргүл: Әжептеуір бойым да,
Сабақ қана ойымда.
Оны ұқпас інім тек,
Шақырады ойынға.
Дейді «Жел боп есейік»
Қайдан білсін ол менің,
Кеткенімді есейіп.
Солтан: Кіп-кішкентай баламын,
Алтыдан асып барамын.
Сөмке алып мойныма
Мектепке мен барамын.
Озат оқушы боламын,
Жақсы баға аламын.
Таудай үлкен талабым,
Содан жақсы сабағым.
Сания: Ұстаздарды мақтаймын,
Сенімдерін ақтаймын.
Біздікіндей мектепті
Әлем шарлап таппаймын.
Тақпағымды жаттаймын,
Сабағымды баптаймын.
Біздікіндей мектепті
загрузка...
Ешбір жерден таппаймын.
Мұғалім: Ұрпақпен ұласады мұрат арман,
Бәйтерек бой көтерер құба талдан.
Тойлаңдар,қуаныңдар, ағайындар,
Шалқып қайт, шаттық тойы —
Тілашардан!
Т – тәртіпті болайық
І – ілімді бойға жинайық
Л – лашындай биік самғайық
А – ақылды азамат болайық
Ш – шыншыл болайық
А – айбынды болайық
Р – рахат өмір сүрейік
Хормен: Мектеп – қамқор анамыз,
Оқып, білім аламыз.
Үлгілі боп өсетін,
Біз – оқушы боламыз
Хор: «Менің Отаным – Қазақстан»
Мұғалім : Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білім шыңына.
Ұқыптылық пен зеректік,
Жеткізер сендердей өренді
Білімнің нәрлі сырына.
Оқитын әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Құтты болсын балдырған,
Оқушы деген жаңа атың.
Құрметті оқушылар! «Оқушы» деген атқа лайық болып, ата-аналарыңды , ұстаздарыңды, құрбы- жолдастарыңды сыйлайтын әдепті, алғыр, зерек, тәртіпті болады деп сенім білдіремін.
Ертеңгілігімізді оқушыларымыздың осы кезге дейінгі мектепте түскен фотоларынан жасалған фото-шоумен аяқтағым келіп отыр. /фото-шоу/
Қатысқандарыңызға рахмет! Сау болыңыздар!