ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕП
Таңғажайып «жеті»
(математика, информатика)
Рахмет Саида Саламатқызы, 1 класс оқушысы,
Т.Шонанұлы атындағы ЖББОМ
Жетекшісі: Альжанова Фарида Багдатовна,
математика пәні мұғалімі,
жаратылыстану ғылымдарының магистрі,
Т.Шонанұлы атындағы ЖББОМ
Мазмұны:
Кіріспе
Сандардың пайда болуы
Негізгі бөлім
“Жеті” санының тұрмыс-тіршілікте қолданысы
Ақтөбелік «жеті» академик
“Жеті” санына байланысты логикалық есептер
Қорытынды
“Жеті” өлеңі
Таңғажайып «жеті»
Рахмет Саида Саламатқызы, 1 класс оқушысы,
Т.Шонанұлы атындағы ЖББОМ
Жетекшісі: Альжанова Фарида Багдатовна,
математика пәні мұғалімі,
жаратылыстану ғылымдарының магистрі,
Т.Шонанұлы атындағы ЖББОМ
Адамзат тарихында ең ерте қалыптасқан ғылымдардың бірі – математика. Математика алғашқы қалыптасқан елдердің бірі Мысыр елі. Адамзат даналығының ойлап тапқан жаңалығы ол – жазу. Осы жазулардың негізінде пайда болған таңбалардың бірі цифр. Цифр дегеніміз – сандарды жазу үшін керекті таңбалар. Цифр деген сөздің төркіні арабтың «Әс-сифр» деген сөзінен алынған, ал оның мағынасы үнді халқының бос орын – «Сунья» деген сөзінің аудармасы екен.
Сан есептеу мен өлшеудің нәтижесін білдіретін ең негізгі математикалық ұғым. Сан ұғымы көптеген математикалық теориялардың негізі болып саналады. Күнделікті өмірде де сандарды үнемі пайдаланамыз.
Күнделікті өмірімізде қолданылатын сандар шамамен бұдан 1500 жыл бұрын Үндістанда пайда болған. Әуелі сандар сызықшамен белгіленген. Кейін қалыптаса келе қазіргі таңдағы біздер қолданып жүрген сандар пайда болды. Адам баласы қазіргі біз түсінетін сандарды үйренуге талай ғасырларды бастан кешірген. Әуелі олар табиғи сандарды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9) меңгерсе, нөлдің пайда болуынан сандарға үлкен өзгерістер енген.
Қазақтардың таным-түсінігінде жеті санының алар орны ерекше. Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі, соның ішінде қазақтар ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаған. Біздің ата-бабаларымыз жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң жүйелерін жеті санымен сәйкестендірген.
Жеті қазына – қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік. Ер жігіттің жүйрік аты – қанаты. Құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы – қаһарлы оты. Қақпаны – серті, ауы - әдіс-айласы, кездігі – сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан.
Жетіген – шертпелі аспаптардың ең көне түрінің бірі. Аспап тұтас ағаштан ойып жасалған, терімен қапталған. Ішектерді қолмен керіп байлаған. Күйге келтіру үшін тиек орнына асықты жылжытатын болған. Жетіген туралы мынадай аңыз бар: Бір қарияның жеті ұлы болыпты. Балалары бірінен соң бірі дүние салады. Қайғы басқан қария кепкен қу ағашты ойып, аспап жасайды. Әр баласы қайтыс болған сайын аспаптың бетіне бір ішек жасап тағып сазды мұңға толы жоқтау әнін салады. Осы жеті ішектен жеті түрлі әуен шығарып, әр баласының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын суреттеген екен.
Аптаның жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
Табиғаттың керемет туындыларының бірі – кемпірқосақ. Кемпірқосақ күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасында пайда болады. Біз неге кемпірқосақ туралы әңгіме қозғадық, себебі кемпірқосақ жеті түстен тұрады екен. Олар: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін.
Жетіқарақшы – аспанның солтүстік жарты шарындағы шоқжұлдыз. Оның 1,8 көрінерлік жұлдыздық шамаға дейін жалтырап көрінетін ең жарық жұлдыздары – Алиот пен Дубке. Жетіқарақшының жарық жеті жұлдызының сыртқы пішіні шөмішке ұқсайды. Және оның шеткі екі жұлдызы бойынша Темірқазық жұлдызын табуға болады.
Жеті жарғы – Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салады. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байланысты дейтін тұжырым бар.
Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентай кезінен жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақ бір атаның балалары саналады. Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырған.
Жеті санына әлем халықтары көзқарасымен қарар болсақ, онда бұл санды Пифагоршылар Афинамен байланыстырған. Ежелгі Египет философиясы мен астрономиясында ол өмірлік екі санның үш пен төрттің қосындысы деп қарастырылды. Үш адам - әке, шеше, бала өмірдің негізін қалайды. Ал төрт – бұл жарық, жел, жаңбыр, ылғалдылық жерді жеміс беруге дайындайды. Пифагордың ой қорытуы бойынша, үш пен төрттің қосындысы (үшбұрыш пен төртбұрыш символдары), аяқталғанның, тәмамдалғанның, қорытындының белгісі деп санаған. Сондықтан жеті саны қасиетті сан, өйткені адам баласы қоршаған ортаны (жарықты, дыбысты, иісті, дәмді) басындағы жеті «тесік» (екі көз, екі құлақ, мұрынның екі танауы, аузы) арқылы түйсінген. Жапондарда жеті қайырымды құдай, адам өмірінде жеті рет сәттілік болады. Христиан дінінде жеті саны – сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші. Жеті саны – жалпы жер бетіндегі халықтар ұғымы бойынша қасиетті сан.
Ақтөбелік «жеті» академик. Күнделікті өзіміз естіп жүрген Ақтөбе қаласындағы Ағайынды Жұбановтар көшесінің аталуы жөнінде де мынадай қызықты әңгіме бар. Әлем бойынша тұңғыш рет бір әулеттен «жеті» академик тек Қазақстанда ғана, соның ішінде Ақтөбе өңірінен шыққан екен. Сол себептен Ақтөбе қаласының ең үлкен атақты көшелерінің бірін осы ағайынды академиктердің құрметіне атады деседі. Осы мәліметтің рас екенін келесі ақпараттар дәлелдейді.
Құдайберген Жұбанов – академик, лингвист, профессор.
Ахмет Жұбанов (інісі) – академик, компазитор.
Есет Жұбанов (баласы) – филология ғылымдарының докторы.
Ғазиза Жұбанова (Ахмет Жұбановтың қызы) – консерватория ректоры.
Ақрап Жұбанов (інісі) – филология ғылымдарының докторы.
Болат Жұбанов (інісі) – академик, химия ғылымдарының докторы.
Қызғалдақ Жұбанова (Есет Жұбановтың қызы) – профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жұмыс жасайды.
Жеті санына байланысты қызықты логикалық есептер:
1. Жеті болу үшін он екіні қалай бөлуге болады?
2. 2 сіріңкені қозғап, дұрыс теңдік құрастыр.
2+2=7
3. Қағазға 12 санын бір таңбалармен жауабы 7 шығатындай етіп бөл.
4. Мектептегі викторина кешінде оқушыларға 30 сұрақ берілді. Әрбір дұрыс жауап берген оқушыға 7 ұпайдан берілді. 77 ұпай жинаған оқушы неше сұраққа жауап берді, нешеуіне жауап бере алмады?
5. Жеті рет кір жуғаннан кейін сабынның көлемі ұзындығы жағынан да, ені жағынан да, қалыңдығы жағынан да екі есе кішірейді. Қалған сабын неше рет кір жууға жетеді деп ойлайсыңдар?
Қорытынды.
«Жеті» қазақ халқының ұғымында қалыптасқан киелі сан. Ұлттық түс алған көне мәдениет құбылысы. Бұл құбылыстың басқа халықтарда да кездесуін олардың бір-біріне тигізген әсерінен гөрі әр қайсысының өзіндік дүние танымынан туындаған ортақ құбылыс деп қараған жөн.
Қолданылған әдебиеттер:
Алдамұратова Т.А. «Математика» Алматы «Атамұра» 2001 ж.
Ахметжанова Ф.Р., Дүсіпбаева Қ.С. «Қасиетті сандар қатысқан ескіліктері» ғылыми басылым, Өскемен 2001 ж.
Әлімбай Т.Р. «Математикадан тыс жұмыстар» Алматы «Рауан» 1992 ж.
Бақытбек М. «Жас Алаш» газеті Алматы 2001 ж.
«Зерде» журналы, 1994 жыл.
«Ақ желкен» журналы, 1992 жыл.
«Математика тарихы», Г.И.Глейзер.
Интернет беттерінен.