«Қош келдің, Наурыз!»
«Балдәурен» ортаңғы тобына арналған ертеңгілік
Зал мерекеге сай әсем безендірілген.
Жүргізуші: Құрметті ата аналар, қонақтар! Ұлыстың ұлы күні
«Наурызмейрамы» құтты болсын.
Наурызбенен ұласып көктем жеткен,
Үлкен-кіші көңілін көкке өрлеткен.
Жан-жануар табиғатты түрлентіп,
Ескі жылмен реніш өкпе кетсін.
Жаңа жыл тек жақсылық ала келсін.
Төрт түлігім төлдесін, ақ мол болсын,
Ел тоқ болсын.
Наурыз тойын тойлайық,
Шалқытып әнге салайық.
Ән: «Наурыз біздің жаңа жыл»
Жүргізуші:
Наурыз- бабамның сөзі,
Наурыз-анамның сөзі.
Ғасырдан ғасырға жеткен,
Даламның сөзі – дей отыра, балаларымыздың наурыз мерекесіне арнаған тақпақтарына кезек берейік.
Ата бабам тойлаған,
Наурызым армысың.
Қызыққа еш тоймаған,
Дархан дала қарлы шың.
Наурыз тойын әдейі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдемі,
Наурыз көже пісірді.
Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем наурыз көжеге,
Жеті түрлі ас салды.
Арпа бидай бастаған,
Жеті дәмнен аспаған.
Наурыз көже ежелден,
Бұл тойдағы бас тағам.
Құрт бауырсақ шашылсын,
Наурыз тойы ашылсын.
Бір бірімен мынау жұрт.
Өнерлерін асырсын.
Жүргізуші: Наурыз келді әнімен,
Салтанатты сәнімен.
Қуантады біздерді,
Қыздарымыз мың бұралған биімен.
Би: «Құрбылар биі».
Тақпақтар.
Армысыздар халайық,
Әр кез аман болайық.
Наурыз тойын қуанып,
Жылда қарсы алайық.
Күттіріп келген жыл басы,
Бізбен бірге тойлашы.
Дастарханыма көп көп,
Береке ырыс сыйлашы.
Наурыз келді құт болып,
Мына бізге нұр болып.
Аққа аузымыз толады,
Бар жақсылық болады.
Уа, халайық, халайық!
Мерекесі халықтың,
Наурыз тойын бастайық.
Құтты болсын мереке,
Болсын думан береке.
Көктем келді, наурыз келді.
Жер көгерді, ел көгерді.
Дастарханын жайып дархан,
Жақсылықпен бақыт шашқан.
Туа берсін жаңа күн,
Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын.
Сапар шексең жол болсын.
Ұлыс күні кәрі жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.
Инсценировка «Наурыз» ертегісіне.
(Залға көңілсіз Наурыз келеді)
Жүргізуші: Саған не болды сүйкімді бозбала? Неге көңілсізсің?
Наурыз:
Менің атым Наурыз. Мені халқым жыл сайын тағаттана күтеді. Мен өзіммен көктемді ала келуім керек еді. Ол маған адал жар болу керек еді.
Жүргізуші: Сендердің бірге болуларыңа не кедергі болып тұр?
Наурыз: Көктемнің әкесі. Ол Көктемге ерекше қалың мал сұрайды.
Жүргізуші: Ендеше Наурыз сен олай қамықпа. Біз Көктемсіз күннің көзісіз, өмір сүре алмаймыз. Біз саған көмектесеміз. Ханға құда жібер.
Наурыз: Мен қазір шақырып келемін. – деп жүгіріп шығып кетеді.
(Ортаға хан өз адамдарымен келеді де, алақанын үш рет соғады. Сол кезде ортаға Көктем келеді)
Хан: Менің қызым көрікті, сұлу, әдемі. Мен қызымды ешкімге бермеймін. Жанына ешкімді де жолатпаймын.
Құдалар: Хан, сөзіме құлақ асыңыз. Біздің Наурыз деген баламыз бар. Ақылды, әдемі, ержүректі, тәрбиелі.
Хан: Маған ешкімді де айтпаңдар. Менің қызым асқан сұлу жоқ.
Құдалар: О, Ханеке! Қалайша Наурыз Көктемсіз өмір сүреді. Көктемді барлық халық күтіп отыр емеспе?
Хан:(ойланып) Маған ешқандайда алтын, күміс, гаухар тастарыңныңда керегі жоқ. Мен қызымды тек нағыз батыл ержүректі жігітке беремін. Егерде ол менің тапсырмаларымды орындап, жеңіске жетсе, мен оған қызымды беремін.
Наурыз: Мен қайткенде Көктемді өзіммен әкетіп, қысты жеңуім керек.
Көктем: Наурыз, сен жеңіске жетуің керек. Сен мықтысың.
Ойын: «Арқан тартыс».
(Ойын ойналып Наурыз жеңіске жетеді)
Хан: Наурыз, сен нағыз батырсың. Сен өз жеңісіңмен қатал қысты жеңіп, көктемге қол жеткіздің. Жарайсың! Көктемді саған бердім. Әй, Қазақ халқы! Сіздердің барлығыңызды тойға шақырамын. Наурызды қарсы алыңыздар. Көктеммен Наурызды қарсы алып, ән айтып би билеңіздер.
Ән: «Көктем келді».
Би: «Қара жорға»
Ойын: «Қыз қуу»
Жүргізуші:
Тойға шашу шашылсын,
Халқымның нұры тасысын! – дей келе «Қош келдің, Наурыз!» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз.
Ақтөбе қалалық білім бөлімі
№31 «Күншуақ» мектепке дейінгі ұйымы
«Балдәурен» ортаңғы тобының наурыз мерекесіне арналған
«Қош келдің, Наурыз!»
атты ертеңгілік сценарийі
Дайындаған: Музыка жетекшісі: Абубакирова А.Т.
Ақтөбе 2017жыл